Экология министрі: 2029 жылға дейін қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40%-ға жетпек

Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2029 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және басқару деңгейін 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін жалпы құны 345 млрд теңге болатын 67 жоба әзірленіп жатыр.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
2029 жылға қарай қалдықтарды өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізу мақсатында бүгінде 345 млрд теңгеге 67 жоба дайындалып жатыр. Оның ішінде 14 жобаға 52 млрд теңге бөлінді. Бұл жобалардың 41-і тікелей өңдеу саласына қатысты. Әсіресе қағаз, пластик және әйнек қалдықтарын өңдеуге басымдық беріліп отыр. Бұл қалдық түрлері елде ең жиі кездесетіндерінің қатарында. Сондықтан жыл соңына дейін барлық 67 жобаны іске қосу жоспарда бар. Нәтижесінде қазіргі 25,8%-дық көрсеткішті 2029 жылға қарай 40%-ға дейін арттыру көзделіп отыр, – деді министр.
Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев текстиль қалдықтарын өңдеу проблемасына тоқталды. Қолданыстағы Экологиялық кодекстің 388-бабында бұл бағыттағы жобаларды қолдау қарастырылмаған. Себебі аталмыш қалдық түрінің көлемі әзірге төмен деңгейде.
Дегенмен министрдің айтуына қарағанда, отандық нарықта текстильді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар бар. Мәселен, Алматыда жылына 100 тоннаға дейін текстиль қалдығын өңдей алатын ірі өндіріс орны ашылған. Болашақта бұл проблемақайта қаралуы мүмкін, өйткені халық тұтынатын текстиль өнімдерінің көлемі жыл сайын артып келеді, ал онымен бірге қалдық көлемі де көбеймек.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай