Әлеуметтік желіде киік етін тұтыну кезінде жұқпалы аурулар тарауы мүмкін екені жазылып жатыр. Бұл ақпаратты министрлік өкілдері теріске шығарып, киік етін тұтынудың зияны жоқ екенін мәлімдеді.

Агрономия саласының мамандары киік етін жіліктеу мен жеткізудің бірқатар қиындықтарға бастарын жеткізді. Агроаналитик Кирилл Павлов Facebook парақшасында киіктердің ондаған аурудың тасымалдаушысы болуы мүмкін екенін ескертті:

— Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің бағасын келісіне 1600 теңге деп ұсынды. Астанадағы сиыр еті бағасын ескерсек, бұл ұсыныс көз қуантуы мүмкін. Бірақ бір «әттеген-айы» бар. Сол 1600 теңгеге киелі аң – киік етінен басқа тағы не аламыз?

Бруцеллёз. Бұл созылмалы жұқпалы ауру. Буындарды, ішкі ағзаларды және жүйке жүйесін зақымдайды. Жабайы тұяқты жануарлардың еті арқылы жұғады. Киіктер – бұл аурудың негізгі тасымалдаушыларының бірі. Қазақстанда жыл сайын жүздеген адам осы дертке шалдығады.

Құрттар (гельминттер). Сайғақтар ондаған түрлі паразиттерді тасымалдауы мүмкін. Қатарында, трихнеллалар, эхинококтар, аскаридалар мен нематодтар, лямблия мен криптоспоридиялар секілді ауру тасымалдаушылар бар.

Киіктер ветеринарлық бақылаудан өтпейді. Себебі жабайы аң cаналады. Түз киігінің қандай жерде жүргенін, қандай шөп жегенін, қандай ауруы барын біріміз де білмейміз. Оған қоса, дала жағдайында етті сою мен сақтаудың өзі қиын. Ет соятын жерді белгілеп, қадағалап жатқан да ешкім жоқ.  Киікті «Қайда?», «Қашан?» және «Кім?» атқаны да белгісіз. Малды кім сойды, етін тексерді ме, бәрі — жұмбақ», — деді блогер.

Айта кетерлігі, Қазақстанда киікті сою мен оның қалдықтарын жою заңмен реттелген, сондай-ақ консервіленген және жартылай жіліктелген киік етіне арналған ұлттық стандарттар қабылданған. Ветеринарлық бақылау комитеті киік етін тек арнайы рұқсаты бар орындардан алуды және оның барлық құжатын мұқият тексеруді ұсынады.

«Жануарлардың аса қауіпті ауруларын (ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы, аусыл, бруцеллез, пастереллез, сібір жарасы және тағы басқа) болдырмау мақсатында ақбөкендердің бүкіл популяциясына Ұлттық ветеринария референттік орталығы тұрақты түрде эпизоотиялық мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар ақбөкендермен ортақ жайылымдар мен суаттарда ауыл шаруашылығы жануарларына да ветеринариялық қызмет тұрақты түрде мониторингтік зерттеулер жүргізіп отырады. Айта кету керек, ақбөкендерді сою және биологиялық қалдықтарды залалсыздандыру бойынша тиісті нормативтер қабылданған. 2023 жылғы 27 қарашада ҚР СТ «Сайғақ еті бұқтырылған.

Техникалық шарттар» және ҚР СТ «Сайғақ еті – тұтас және жартылай ұшалар. Жалпы техникалық шарттар» ұлттық стандарттары бекітілген. Қазіргі уақытта ақбөкендердің санын реттеу жұмыстарына 6 облыстағы 24 сою пункті жұмылдырылған. Барлық сою объектілері ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай (мал союға арналған арнайы бөлмелер, тоңазытқыш камералар, ұшаларды ілуге арналған құралдар, сумен жабдықтау және т.б.). Ұшалар сою орындарына жеткізілген соң, олар ветеринариялық дәрігерлердің бақылауынан өтіп, ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізіледі», — делінген Министрлік хабарламасында.

Естеріңізде болса, министрлік киік етінің құнына байланысты мәлімдеме жасады. Аталған хабарламада жұмыстың енді ғана басталғаны, басты мақсат ет комбинаттарын қамтамасыз ету деп хабарлаған едік.

Бір апта ішінде, әрі кетсе 10 күнде нақты мәлімет береміз деп Айдарбек Сапаров пікір білдірді.  Киік етін келісіне шақтап, 1600 теңгеден сату жайы да талқыланды.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай