Астанада вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзу деректеріне қарсы күрес күшейтілгені хабарланды. Қалалық құқық қорғау органдары мүлік бүлдірген азаматтарды анықтап, жауапқа тартты.

BAQ.KZ порталының хабарлауына қарағанда, вандализм әрекеттері қалада жиі болатын болған. Мәселен, 5 шілде күні сағат 09:30 шамасында 42 жастағы азамат «Абу Даби Плаза» СОО-да орналасқан ресепшн тұғырына келіп, компьютер мониторының экранын жұлып алып, еденге лақтырып жіберген. Салдарынан мүлікке залал келтірілген.

Тағы бір оқиға 7 шілде күні сағат 04:55 шамасында Құдайбердіұлы даңғылы, 29/1-үйдің жанында («Степной-2» ТК) болған. 35 жастағы ер адам шлагбаумды қолымен көтеріп, әдейі зақымдаған.

Вандализмнің тағы бір дерегі түнде тұрғын үйлердің бірінде тіркелді. 37 жастағы азамат кіреберісте орналасқан екі бейнебақылау камерасын әдейі бүлдіріп, материалдық шығын келтірген. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Барлық құқықбұзушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бөтен мүлікті қасақана бүлдірді деп танылып, тиісті хаттамалар толтырылып, жауапкершілікке тарту шаралары қабылданды.

Сонымен қатар, 10 шілде күні сағат 04:00 шамасында Кабанбай батыр көшесі мен Республика даңғылы қиылысындағы тоннельдердің бірінде жасөспірімдер тобы өтіп бара жатқан көліктерге тас лақтырған.

Құқықбұзушылар анықталып, олар ҚР ӘҚБтК-не сәйкес жауапқа тартылды.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында қалалық полиция прокуратурамен бірлесіп, вандализммен күрес бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бөтен мүлікті әдейі жою немесе бүлдіру үшін 60 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.

Біз де редакция тарапынан  Астана қаласындағы жеңіл рельсті транзит (ЛРТ) жүйесінің әлі іске қосылмаған вагондарына белгісіз біреулердің сурет салып кеткенін жазған едік.

2025 жылдың басынан бері 140-қа жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды: 81 адам қамауға алынды, 57 адамға айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, Астанада «Стоп, вандал!» атты алдын алу акциясы жалғасып жатыр. Ол күндізгі және түнгі рейдтерді, халықпен түсіндіру іс-шараларын, сондай-ақ еріктілердің, қоғам белсенділерінің және танымал спортшыларды қамтиды.