Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің бірқатар өңірінде архив қоймаларының салынатынын хабарлады. Үкімет басшысы бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.

— Бүгінгі күні архивтерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және көрмелерге қою үшін берілетін құжаттарды цифрландыруға басымдық берілуде. 2024 жылы цифрландырылған құжаттардың үлесі 10,8 пайызды (579 011 сақтау бірлігі) құрады. Барлығы 2 654 404 сақтау бірлігі цифрландырылды. Архив саласын қаржыландыру ұлғайтылып, құжаттарды цифрландыру және сақтау қорын құру үшін 1 000-нан астам жаңа техника, компьютер және басқа да ұйымдастыру техникасы сатып алынды, — деді Үкімет басшысы жауабында.

Бектенов таяу арада 4 аудандық мұрағаттың (Маңғыстау облысының Жаңаөзен аудандық архиві, Жамбыл облысының Қордай және Жамбыл аудандық архивтері, Ақтөбе облысының Темір аудандық архиві) пайдалануға берілгенін жеткізді.

— Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарында және басқа да өңірлерде жер учаскелері бөлінді. Жамбыл облыстық архивінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, жер учаскелері бөлінген 5 облыстық архивте инженерлік коммуникацияларды жүргізуді жүзеге асыруға техникалық шарттар әзірленуде, — деді ол.

Олжас Бектеновтің дерегінше, Қызылорда облысында 3 аудандық архив «Руханият» мәдени орталықтарының ғимараттарына көшірілді, 4 аудандық архивті көшіру жоспарланып отыр.

— Сондай-ақ «Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкі» дерекқорында өңірлерде архив ғимараттарын салу кезінде бірнеше рет пайдалану үшін «Дайын құрылыс жобаларының тізілімінде» 200 мың және 500 мың сақтау бірлігіне арналған үлгілік жобалық-сметалық құжаттама қолжетімді. Ақтөбе және Атырау облысының архивтеріне – 1 млн, Жамбыл облысының архивіне – 1,5 млн сақтау бірлігіне арналған жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Ол қайта пайдалану үшін тізілімге енгізілетін болады, — деді Премьер-министр.