Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елде салынатын алғашқы АЭС-тің болжамды құнын атады.

— Құны техникалық-экономикалық негіздеме бойынша белгілі болады. Бізде қазір вендерлер ұсынған индикативті өлшемдер бар. Қазір ол ұсыныстарын жария ете алмаймыз. Өйткені ресми келісімдермен қорғалған. Жалпы алғанда, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай деңгейдегі станса құны шамамен 14 млрд доллар болады, — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ, ол екінші АЭС-ті Қытай салады деп айтылған ақпаратқа түсініктеме берді.

— АЭС салумен байланысты әрбір жоба өзінше бірегей. Бәрінің құзыреті, байыпты тәжірибесі бар. «Росатомды» бірінші жобаға таңдап алуымыздың өзіне құрылыстың мерзімі бойынша ұсынған нұсқасымен байланысты болды. Қытай тарабымен келіссөз өткеннен кейін ғана екінші АЭС құрылысы туралы айтуға болатын шығар, — деді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ, ол бір АЭС-ті салуға орта есеппен 7 жылдай уақыт кететінін айтты.

Бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік пен «Росатом» АЭС салу жөніндегі жол картасын бекітті.