Бас прокурор Берік Асылов ұрланған активтерге қатысты мәлімет берді. Бүгінде 770 млрд теңге бюджетке қайтарылған.

Прокурор Мемлекет басшысына жасаған баяндамасын алға тартқан.

Бақылаушы орган жетекшісі Қазақстанның әділеттілікке, заң үстемдігіне және тәртіпке негізделген даму жолымен сенімді ілгерілеп келе жатқанын айтты.

— Соңғы жылдары қылмыс деңгейі 2 есеге төмендеді, адам өлтіру мен зорлау – 50%, бұзақылық – 70%, қарақшылық пен тонау – 80% азайды. Қылмыстық индекс бойынша Қазақстан бірнеше жылда әлемдік рейтингте 60 сатыға көтерілді. Бұл – тұрақтылықтың, реформалардың және мемлекетке деген сенімнің объективті көрінісі.

Прокурордың сөзіне қарағанда, елімізде «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы бекітілген. Сонымен қатар, прокурорлар 2 миллион азаматтың әлеуметтік құқықтарын қалпына келтірген. 4 млрд теңге еңбекақы берешегі – ондаған мың қызметкерге қайтарылды, 12 млрд теңге алимент – балалардың пайдасына өндірілді, 630 млрд теңге – мемлекет кірісіне қайтарылды, 850 балалар үйінің түлектері мен әлеуметтік осал азаматтар баспанамен қамтамасыз етілді, тұрғын үй бөлу практикасы қайта қаралды.

— Ұрланған активтерді қайтару бойынша — 770 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Осы қаражаттың есебінен 300-ден астам әлеуметтік нысан – мектептер, ауруханалар, спорт кешендері және шалғай өңірлердегі 2 миллионға жуық адамды таза ауыз сумен қамтамасыз ететін нысандар салынып жатыр. Прокуратура олардың мақсатты жұмсалуын мұқият бақылауда ұстап отыр. Активтерді заңдастыру туралы заң аясында 5,3 трлн теңгеден астам инвестициялар тартылған ірі жобалар бойынша ерікті келісімдер бар. Бұл – жұмыс орындары, инфрақұрылым және қылмыстың алдын алу тетіктері.

Берік Асылов есірткі бизнесімен күресу мақсатында жаңа тәсілдер енгізіліп жатқанын айтты.

Нақты айтқанда, Қазақстанда химиялық заттардың айналымына толық бақылау орнатуға бағытталған Таргетинг-орталық іске қосылған. 10 млрд теңгеден астам есірткі қаржысы бұғатталған.