Киік санын реттеуге, аулауға қатысты ғалымдардың биологиялық негіздемесін Зоология институты дайындайтыны хабарланған еді. Ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдар зерттеуінің нәтижесіне қатысты ақпарат беріп, жөн-жобасын сөз етті. 

«Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің хабарлауына қарағанда, биологиялық негіздемеде көпжылдық және қазіргі ғылыми деректерге, сондай-ақ киіктің биологиялық ерекшеліктеріне сүйене отырып жүргізіледі.

— 2025 жылы Қазақстандағы Орал және Бетпақдала киіктерінің популяциясы рекордтық деңгейге жетті. Бұл жағдай киіктердің ауыл шаруашылығы жерлеріне кіруіне әкелді. «Зоология институты» РМК тиісті биологиялық негіздемені әзірлеп, оны жануарлар дүниесі жөніндегі уәкілетті органға (ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті) ұсынды. Биологиялық негіздемеде көпжылдық және қазіргі ғылыми деректерге, сондай-ақ киіктің биологиялық ерекшеліктеріне сүйене отырып, олардың санын реттеу ұсынылған, — делінген министрліктің жауабында.

Бұл ұсынысқа сәйкес, киіктің ұрғашы және еркегін қоса алғанда, Орал популяциясынан – 460 мың, Бетпақдала популяциясынан 290 мыңын алу арқылы санын реттеу ескерілген. Жалпы алғанда, ауланатын киіктің саны 20% құрайды.

— Аулау жынысы мен жасы бойынша биологиялық негізделген пропорцияларды сақтай отырып (тұрақты популяция санын сақтай отырып, ең жоғары ет өнімділігін қамтамасыз ететіндей текелердің 40%-ын, ұрғашыларының 30%-ын, сондай-ақ еркегі мен ұрғашы жас киіктердің 30%-ын аулау), уәкілетті органның мамандандырылған құрылымы ұйымдастыратын тиісті іс-шаралар арқылы жүргізілуге тиіс. Атап айтқанда, киіктердің тұтас етін ет комбинаттарына тапсыру керек, мүйіздерін арнайы мамандандырылған насында сақтап, түгендеп, таңбалау керек. Материалдық-техникалық базаны, инфрақұрылымды дамыту, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және киік популяцияларын ұзақ мерзімді тұрақты басқару стратегиясын әзірлеу бойынша шаралар ұсынылады, — деп аталып өткен министрлік ақпаратында.