Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі полиция қызметкерлерінің әлеуетін жақсартуға баса назар аудару қажет деп айтты. 

Президент ауылдағы полицейлердің бір жылдық еңбек өтілін бір жарым жыл деп есептеу қажет екенін алға тартты:

“Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық байқалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек”, – деді мемлекет басшысы.

Президент өңір әкімдеріне құлаққағыс қылып, осы мәселеге аса мұқият болуды тапсырды.

“Учаскелік полицияны жаңғыртумен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажет. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына бағынуға міндетті. Әйтпесе көшеде тәртіп болмайды”, – деді Тоқаев.