Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының «алтын кезеңге» қадам басқанын айтты
фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алып, басшы сапарын мызғымас достықтың көрінісіне балады.
Президент ҚХР Төрағасы қазақ жерінде қай кезде де қадірлі қонақ саналған тілге тиек етті:
— Қытай Халық Республикасы — Қазақстанның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі. Сан қырлы қазақ-қытай ықпалдастығы Сіздің жеке қолдауыңызбен мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында және бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мұны ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Ортақ тарихымызға мұқият үңілсек, елдеріміздің арасында ешқандай түйткілдер немесе тосқауылдар болмаған. Тек қана өзара достық пен ықпалдастық, түсіністік пен жылы лебіздер басым болды. Қытай халқы қазақ халқына ешқандай зиян келтірген жоқ, — деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын мәлімдеді. Достық байланыс екі елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп жатқанына назар аударды.