Қазақстанда Жасанды интеллект институты ашылады

Жасанды интеллектінің теріс әсеріне тоқтам қою, технология үрдісіндегі жаңа проблемалардың алдын алу мақсатында жаңа әдістеме әзірленді. Сондай-ақ ЖИ-ді ағарту, білім беру ісінде қолдануды үйлестіретін Жасанды интеллект институты ашылады.
Бүгінге дейін Қазақстанда 160 мыңға жуық педагог оқу процесінде жасанды интеллектіні қолдану бойынша арнаулы білім алған.
Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген премьер-министр Олжас Бектенов:
Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, 2025 жылдың қаңтар айынан еліміздің 180 мектебінде орта білім беру ұйымдарының оқушылары үшін бағдарламалау негіздерін оқыту курсы жөніндегі пилоттық жобаны жүргізіп жатыр. Пилоттық мектептердің 10-11 сынып оқушылары үшін оқу жоспарының вариативтік компоненті есебінен бағдарламалау негіздері бойынша курстар енгізілді, — деп айтты.
Премьер-Министрдің дерегінше, пилоттық жоба аясында 2024 жылғы 16 шілдеден, бастап nFactorial және Omnium IT-мектептерінде жасанды интеллект және Game Development бағыттары бойынша 180 педагог және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының 120 жаттықтырушысы арнайы оқыту курстарынан өткен.
Таяу арада Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жасанды интеллектінің теріс әсерін болдырмайтын арнаулы әдіснама дайындайды. Әдіснама оқушылардың білімін бағалап, академиялық адалдық талаптарын жаңарту кезінде болатын проблемаларды шешуге негізделген.
Мұнымен қоса, академия жанынан жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу және дамыту бойынша әдістемелік, зерттеу, этикалық және оқу бағдарламаларын үйлестіру үшін Жасанды интеллект институтын ашу да жоспарланып отыр.