Абай облысы, Үржар ауданы, Үржар ауылындағы әуежайға алғаш рет «SCAT» әуе компаниясының «CRJ-200» жолаушылар ұшағы қонды. Бұл жайлы Абай облысының әкімдігі хабарлады.

Енді күн сайын «Үржар-Алматы» және «Үржар-Астана» бағыттары бойынша ұшақ ұшады:

Аудан тұрғындары бұған дейін «АН-24» ұшағымен қатынап келген болатын. Енді «Үржар-Алматы» және «Үржар-Астана» бағыттары бойынша тұрақты әуе рейстері аптасына 7 рет, яғни күн сайын орындалатын болады. Бұл жергілікті тұрғындарға ғана емес, Алакөл мен өңірдің басқа да туристік нысандарына келетін қонақтар үшін өте қолайлы. Әуе қатынасы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сол себепті билет бағасы да қолжетімді.

Канадада шығарылған «CRJ-200» ұшағы 50 жолаушыға шақталған. Әуе кемесі жайлы әрі өңіраралық бағыттарға ыңғайлы.

Биыл Алакөл жағалауын абаттандыруға 658 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда 2018 жылдан бері жөндеу көрмеген Арбат жаңартылып, бояу, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек жағалаудағы ескірген темір жақтаулар толық ауыстырылуда. Жағалаудағы 5 шақырымға жуық жолға асфальт төселеді, 10 модульді, 15 биодәретхана, 40-тан астам киім ауыстыратын кабиналар қойылады, қоқыс жәшіктері мен бейнебақылау камераларының саны артады. Жағалауды нығайту үшін пирс және қалқыма орнатылады.

Ерекше атап өтерлігі, туристер көп келетін Арбаттың жүктемесін азайту үшін жаңа қоғамдық кеңістік салынады. Мұнда 100 адамға арналған сауда-саттық орындары қарастырылады, үлкен сахна, субұрқақ салынады, тұрғындар серуендейтін арнайы алаң болады, — деп хабарлады әкімдік.