Қазақстандағы өмір сүру деңгейінің төмендігі жаһандық зейнетақы индексінде «көрініс тапты»

фото: ortcom.kz
Allianz Trade жаһандық зейнетақы индексін жаңартты. Сараптауға иек артсақ, Қазақстанның 3,5 ұпай жинап, 71 елдің ішінде 26-шы орынға ие болғанын бағамдаймыз. Бұл рейтиңнің «орта топ» санатына жатады.
Қазақстан мемлекеті Эстония, Греция, Словакия, Индонезия сынды елдермен қатар тұр. Экономика саласы бойынша сараптау жүргізетін Tengenomika telegram арнасының жазуына қарағанда, Қазақстанның зейнетақы жүйесі әлеуметтік жағынан тұрақты, бірақ экономикалық тұрғыдан осал. Яғни, бұл үрдіс қарттар арасындағы кедейлер қатарын азайтады. Бірақ ауырлықтың бәрі толығымен мемлекет бюджетіне түседі. Жекеленген азаматтар, бизнес және қаржы секторлары зейнетақы үрдісіне қатынасудан шеткері қалады.
Орайы келгенде айта кетейік, индексте ұпай неғұрлым аз болса, соғұрлым жоғары саналады.
Атап айтқанда, 1 балл иелегенгендер — алдыңғы қатарда, 7 ұпайға дейін құлдырағандар «осал топ» саналады.
Әлем бойынша орташа балл — 3,7.
- Зейнетақы жүйесі қалай бағаланады?
Индекс үш блокқа негізделген (2023 жылғы мәліметтер):- Негізгі шарттар (20%): демография, мемлекеттік қарыз, өмір сүру деңгейі
- Төзімжілік (40%): халықтың қартаюына дайындық
- Сәйкестік (40%): жүйе лайықты қартаюды қамтамасыз ете ала ма?
Қазақстан ұпайын азайтып тұрған негізгі сын-қатер қатарында: өмір сүру деңгейінің төмендігі, ЖІӨ төмендігі, бейресми жұмыспен қамту қиындығы және урбанизациялану бағыттары бар.
Бір айта кетерлігі, Allianz Global Pension Report 2025 жалпы жаһанға ескерту жасап, демографиялық қартаю жағдайындағы зейнетақы жүйесін реформалау қажетін атады. Дания, Нидерланды және Швеция сияқты тұрақты жүйелері бар елдердің капиталдандырылған механизмдерді ертеден енгізуін үлгі етті. Жапонияның еңбек етуге деген құштарлықты ұлғайту ұмтылысын тиімді санады.