Тариф соғысынан тайсақтаған елдер. Трамптың саясаты Орта Азия мен Қазақстан үшін қауіпті ме?
АҚШ бастаған тариф соғысы әлем экономикасын күйретті. Әсіресе, Қытай экономикасына зор зауал келді. Бұл саясат таяу арада Орта Азия елдерінің әлеуетін тежейді. Өйткені бұған дейін санкция бұғауына түскен Ресейдің төрттағандап, азық-түлік саясаты, ауылшаруашылығы, орта және кіші бизнесін ақсатып алғанын білеміз. Осы орайда, Трамп саясатынан тайсақтаған Орта Азия мен Қазақстанға келер қауіпті сараптап көрдік.

Дональд Трамп 2 сәуір күні әлемнің бірқатар еліне санкция салып, кейін өз қарарын үш ай мерзімге тежеді. Бірақ Қытайға қарсы енгізген 34% баж салығы өзгеріссіз қалды. Қытай да бірден жауап қатып, америкалық тауарлардың сатылымына тұсау салды. Ал Америкадағы Қытай импортына қарсы бағытталған баж салығы 54%-ға теңелді. Осы тұста, алдымен, «Неліктен Америка тек Қытайға қарсы қатаң сауда соғысын жариялады?» деген заңды сұраққа жауап берген жөн. Бірнеше жылда АҚШ тұрғындары сыртқы нарыққа құнығып, ішкі нарық өнімдеріне ықыласын жоғалтқан, Қытайдан келер тауарға сұраныс артқан. Сондықтан проблеманы шешу мақсатында Қытайға жауығып, еселенген баж салығын енгізді.
АҚШ құрған тариф соғысы әлем елдеріне қалай әсер етеді?
Трамп әкімшілігінің кейінгі саясаты Қытайға ғана емес, Германия, Франция, Жапония, Үндістан, Вьетнам, Мексика, Оңтүстік Корея секілді елдерге де әсер еткен. Мысалы, Германия шығаратын көлік пен оның жабдықтарына 25%-дан астам тариф енгізілді. Францияда шарап пен сән индустриясына салынатын салық көлемі 15-20%-ға ұлғайып, өнім экспортын 10%-ға төмендетті. Еуроодақ пен АҚШ арасындағы сауда қатынастары да шиеленісе түсті. Бұл жерде Еуроодақ пен Қазақстанның серіктес екенін ескерсек, жанама әсеріне талдау жүргізген жөн.
Нақты айтқанда, шикізатқа негізделген экспортта, инвестиция тартуда қиындықтар туындайды. Дүниежүзілік банк болжамына қарағанда, 2030 жылға қарай әлемдік сауда көлемі 5-7% төмендейді, егер санкциялар күшейсе, құлдырау 10%-ға дейін жетуі ықтимал.
Долларға сенген Дональд Трамптың қыңырлығы
2024 жылы АҚШ-тағы бөлшек сауда нарығы көлемі шамамен 7,5 трлн доллар болды. Бұл жалпы сауданың 30%-ы. Тұтынушылардың ең ірі нарығы АҚШ-та шоғырланған, сондықтан доллар айналымы да Америка билігінің бас пайданысына шешіледі. Сондай-ақ ірі инвесторлардың 60-70%-ы жасыл қағазбен есеп айырысып, инвестиция ағынын молайтады. Әдетте, өз валютасының күшіне сенген ел билігі санкция салуға құмар келеді. Осы мақсатта Трамптың жақтастары баж салығын «саясиландырып», долларды қысым көрсетудің тиімді құралына айналдырады. Көп ел АҚШ нарығын бағындыруға ұмтылатындықтан, «Ақүйдегілердің қыңыр мінезіне» көнуге мәжбүр.

Тариф соғысынан әзірге шеткері қалған Орта Азия: Қазақстанға қауіп бар ма?
Қазақстан АҚШ-пен тікелей сауда қатынасында емес. 2025 жылғы дерекке қарағанда, ел экспорттың шамамен 4.8%-ы ғана жаңа тариф талабы бойынша АҚШ-қа жөнелтілген. Негізгі өнімдер қатарында: уран, мұнай, ферроқорытпа, фосфор және бидай глютені бар. Олардың көбі жаңа тариф тізімінде жоқ. Ұлттық экономика экспорты әлем нарығына, жаһандық баға мен сұранысқа аса тәуелді. Сарапшылардың 83,3%-ы Қазақстанға төнетін негізгі қауіп түрі ретінде шикізат сұранысының төмендеуін айтады. Демек, отандық экономикадағы басты кіріс көлемі азаяды.
7-13 сәуір аралығында қазақстандық сарапшылардан сауалнама алынды. Astana Open Dialogue алаңында өткен сауалнамада Қазақстан экономикасына келер қауіп деңгейі нақтыланды. Жоғарғы қауіп деңгейі 5 балл есебінде шегенделіп, елге төнер қауіп көрсеткіші 3.2 балл болған. Басты сөз болған экономика нысаны — шикізат (80,6%). Екінші фактор ретінде валюта және инвестициядағы сын-қатер (63,9%) аталды. Сонымен қатар cарапшылар геосаяси мәселеге назар аударды. Жаңа логистикалық тізбектерді құрудың қажетін ескертіп, Транскаспий дәлізін дамытуды және Қытайға қаратылған экспортты қайта жандардыру маңызына тоқталды.
АҚШ баж салығын Қытай мен Еуроодаққа қарсы салуын салады, бірақ Қазақстан да опық жейді
Қазақстан үшін Қытаймен сауда-cаттық жүргізу және көлік-логистикалық қатынастар құру маңызды. Көршілес ел де біз үшін ірі серіктес. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 25 млрд доллардан асқан. Қытай экономикасындағы импорт-экспорт көлемі азайса, Қазақстанның шикізат тауарына деген сұраныс кемиді, салдарынан бюджет ортаяды. Қытайдан келетін техника, құрылыс материалдары, электротехника бағасы қымбаттап, тұынушылар бен кәсіпкерлер қалтасынан қағылады. Екіншіден, Қытай — инвестиция көзі. Ханзу кәсіпкерлері соңғы он жылда ұлттық экономикамызға 24 миллиард доллар инвестиция салған. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 20 миллиард доллардан асты, бұл біздегі жалпы сыртқы сауда көлемінің 20%-ына жуық.
Осы тұста маңызды бір қауіп-қатерді ескеру керек. Егер АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес күшейе берсе, Қазақстанға бағытталған инвестициялық жобалар тұралап қалуы мүмкін. Сонымен қатар геосаяси қысым да сыртқы саясатымызға бұғау болып, көпвекторлы-қосарланған бағыттың күрделене түсуіне, стратегиялық сын-қатердің ауқымдануына себеп болады. АҚШ-тың Еуроодақ елдеріне қарсы сауда саясаты Қазақстанға жанама әсер етеді.
2023 жылы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда-cаттық 40,2 миллиард долларға жетті, бұл жалпы сыртқы сауданың шамамен 29 пайызы. Құрлықтағы сауда бойынша Қазақстанның маңызы зор, Еуразиядағы ірі транзиттік хаб саналады. Қытай–Еуропа бағытындағы контейнерлік пойыздардың 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. 2023 жылы осы бағытта 1 миллионнан астам эквивалентті контейнер тасымалданды.

Тариф соғысы Қазақстандағы қымбатшылыққа әсер етеді.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 2025 жылдың сәуір айындағы инфляция деңгейі 10,7%-ға жетті. Инфляция қарқынды өскен 18 өңір бар. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында тіркелді (13,8%). Павлодар мен Қызылорда облыстарында баға тұрақты күйінде қалды.
Сәуір айында азық-түлік 8,5%-ға қымбаттады. Аймақтар бойыша айтар болсақ, баға Ақмола облысында 11,2%-ға, Қызылорда облысы мен Алматы қаласында 6,8%-ға өскен. Мамандар мұны көп азық-түліктің сырттан келетінімен, логистика шығынының артуымен, теңгенің құнсыздануымен байланыстырады. Біздіңше, тариф соғысы жаһандық логистика тізбегін бұзып, әлемдік азық-түлік бағасына да әсер етіп жатыр.
Қазақстан тариф соғысына дайын ба?
Қазақстанға тұтас кеңістікке шығу үшін өзге сауда нарығын бағындыруға тура келеді. Оның үстіне, қазірде Трамп билігіне талап қойып, тайталасуға қауқарсыз екені байқалады. Astana Open Dialogue зерттеуі де Қазақстанның тариф дауына толық дайын емес екенін нақтылады. Зерттеуде еліміздің Америкамен сауда байланысын қайта құруға құлықсыз екені айтылып, дайындығы 2.2 баллға (5 балл бойынша) теңгерілді. Қазақстанға енді Қытай, Орта Азия мен Еуроодақ шеңберінен шығу маңызды. Мұндайда жеке салық жүйесін енгізу арқылы «авторлық сауда стратегиясын» жүйелеу қажет. Нәтижесінде, жаңа шетел инвесторларын тартуға жол ашылмақ.
Трамптың тариф саясатынан Қазақстанға келер қауіп жоқ. Десе де, сауда соғысының ауқымды әрі күрделі жанама әсері бар. Сондықтан сыртқы сауданы әртараптандыру, Қытай, Еуроодақпен өзара тиімді келісімге келу маңызды. Сондай-ақ ішкі нарықты қорғау жолында өнеркәсіпті дамытуға маңыз танытып, Орта Азия елдерінің экономикалық байланысын нығайту мәселесі менмұндалайды.
Мөлдір Түктібай
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
журналистика факультетінің 2-курс студенті