Дүниені оғы шарлап, оты шарпыған соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл. Бүгінгі ашық сана, еркін таныммен зерделесек, адамзат тарихында өлім-жітім деңгейі бойынша ең сұрапыл соғысқа «Ұлы Отан соғысы» деген жаңсақ атау берілген. Қиян-кескі кезеңде тарих ортақ, жеңіс ортақ болса да, советтік саяси қағидадан, ортақ ой-пікірден алшақтау үшін соғыстан қалған лаңның лебіне, салдарына егемен ел ретінде дара баға берген жөн. Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған 1,3 миллион қазақстандықтың үштен бірі туған жеріне қайта оралмады. Қазақстаннан майданға 5183 қыз-келіншек аттанды. Тарихшы Дина Игсатованың зерттеулеріне зер салсақ, осы күнге дейін 5120 қазақ әйелі туралы дерек шыққан. Ал зерттеуші Жұмабай Доспанов 7747 қазақстандық әйелдер туралы мәлімет жинап, «Қазақстанның майдангер әйелдері» атты энциклопедия дайындаған.

Қазақтан шыққан заңгер, саясаткер, ақын, жазушы, жыраулардың асыл ұрпағын қырған, пассионар топтың «тағдырын таптаған» соғыс жайлы сөз қаузағанда ардагерлерге «жалпы сипатта» алғыс айту аздық етеді. Майданда жан алып, жан беріскен батырлардың есімі, ерен ерлігі баршаға мәлім. Сондықтан жұрт назарынан тысқары қалған текті қазақ қыздарының ғұмырын індете зерттеп, қызық деректерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Пассионар» ұғымын ғылыми айналымға алғаш енгізген ғалым Лев Гумилевтің зерттеуіне қарағанда пассионар – этнология өлшемі, пассионар  тұлға – қоғамды, өзін өзгертуге ынталы, сол жолда кезіккен кедергіні еңсеруге бейім адам. 

Айыптылар ротасына сұранып, жалған жаладан әулетін азат еткен Халида анамыз

Фотода Халида Маманова

Халида Маманова 1918 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданында туған. Тарихқа үңілсек, қазақтың дамуына үлес қосып, шын жанашыр болған жомарт жандар, меценаттар жетерлік. Солардың бірі Маман әулеті. «Қазақ» газетінің жарық көруіне үлес қосып, тұңғыш қазақ романына жүлделі байқау жариялаған. Алашордалықтарды жақтап, саяси бетбұрысын қолдағаны үшін бай әулетінен шыққан 36 адам қуғынға ұшырайды. 15 адам солақай саясаттың құрбаны болып, ату жазасына кесіледі. Маман әулетінің ұрпағы болғандықтан Халидаға да жалған айдар тағылды. Ғылым Академиясының Физиология институтында аспирантура физиологы болған шақта ұлттық аспаптар оркестрін құрды. Биліктің «ұлтшыл» деген айып тағуына осы бастамасы түрткі болса керек. Халиданың медициналық білімі болса да, майданда медбике болуына шектеу қойылады. Осылайша, Халида мәжбүрлі түрде бейіт, жертаса (окоп) қазып, ауыр жұмыс істеді. Текті отбасыдан шыққан бойжеткен саяси тұсауға төзбей Сталинге «Халық жауы» болсам айыптылар ротасына жіберіңіз. Ал егер тірі қалсам, маған және туыстарыма жалған жаланы алып тастаңыз», — деп хат жолдаған. Бұл хаттың үзіндісі Астанадағы мұражайда сақтаулы тұр. Берлинге дейін берілмей шайқасып, көздеген мақсатына жетіп, капитан дәрежесін алды. Сонымен қатар Халида апамыз жау тылында қалған 18 мыңға жуық жаралы жауынгерді емдеген. Соғыстан оралған соң ғылым мен медицинаға ден қойды. Әйтсе де, Халиданың шетелге шығуына мемлекет тарапынан тыйым салынды. 1977 жылы Болгарияға баруға рұқсат алып, сол жақта, жұмбақ жағдайда жан тәсілім етті.

Әкесі Әлиханды ақтап алу үшін соғысқа аттанған Зейнеп

Фотода Зейнеп Әлиханқызы

38 жасында соғысқа аттанған Зейнеп (Елизавета) Сәдуақасова – Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның қызы, Смағұл Сәдуақасовтың жұбайы. Күйеуі Смағұл Голощекиннің үкімімен 1933 жылы Воронежге жер аударып, сол жақта жан тәсілім етті. Әкесі 1937 жылы ату жазасына кесілді. Өмірде арқа сүйер қос азаматтынан айырылған Зейнеп жақындарын билік алдында ақтау мақсатында қиян-кескі соғыс даласына сұранады. Осылайша, 1943 жылдың 13 қазанында медқызмет майоры Зейнеп Сәдуақасова «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталды. Соғыстан аман оралғаннан кейін өмірін медицина саласына арнады. Медицина ғылымының докторы (1965), профессор атағын алды. Өмірінің соңғы кезеңінде ауыр дертке ұшырап, 1971 жылы 21 маусымда көз жұмды.

Абай ұрпағынан 10 адам соғысқа аттанып, 2-еуі аман оралды…

Абай мұражайы қызметкерлерінің хабарлауына қарағанда, майданда болған туыстары туралы ардагер Ишағы Жағыпарқызы:

«Мен ұлы Абай атамның шөбересімін. Абайдың Мағауия атты ұлынан Жағыпар туады. Мен Жағыпардың қызымын. Жалпы алғанда Абай ұрпақтарынан соғысқа он адам қатынасқанбыз. Соның сегізі қайтпады, екеуміз-ақ аман-есен оралдық. Аруақтары риза болсын, сол оралмаған ағаларымның да аттарын атай кетейін: Ақылбай немересі –  Ғабдісәлім мен Әлихан. Әбдірахманның жиені – Еніғам. Мағауия немерелері – Берекехан мен Жошыхан. Мекайыл немересі — Ғұзайыр мен Әлішер. Зікәйіл немересі – Тоқташ соғыстан оралмады. Турағұлдың немересі — Алпаш және Мағауия немересі мен, екеуіміз ғана соғыстан оралған едік. Қайтпаған ағаларымнан ұрпақ жоқ, өйткені олар үйленбей кеткен болатын… Міне, соғыс атты зұлматтың бір әулеттің балаларына әкелген қасіреті… Алпаш 1990 жылы Алматыда ауырып, дүниеден қайтты»,  деп айтқан.

Ишағы Жағыпарқызы интернатта 9-сынып оқып жүргенде соғыс басталады. 20 жастағы Ишағы Жағыпарқызы өз еркімен әскерге сұранып, 1942 жылы майданға аттанады. Қиыр Шығыс майданының 307-авиаполкінде ұрысқа араласып, Харбин маңында авиация технигі қызметін атқарып, «шебер атқыш» деген атағы аспандайды. Асылдың сынығы,ел ел құрметіне бөленген ардагер ана 2013 жылы 91 жасында (кей дерек бойынша 2014 жылы 92 жасында) дүниеден өтті.

 

Құшағындағы баласы оққа ұшқан Тұрғанбике

Тұрғанбике (Тұрғаш) Жұмабаева 1922-жылы дүниеге келген, Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тумасы. Мектептегі оқуын аяқтаған соң лейтенант Батырхан Қаражігітовке тұрмысқа шыққан. Жаңа отау құрған жастар 1940-жылы ұлды болады. Жау жағадан алған шақта Тұрғанбикенің жолдасы Батырхан қаза болады. Ажал етектен шалған шақта құшағынағы баласы оққа ұшады. Сол арада фашистік жазалау отрядына тұтқынға түскен. Оларды концлагерьге жөнелтіп, неміс офицерлері тамақтанатын асханада қызмет етуді міндеттеді. Тұрғанбике кешқұрым қалған тамақ пен нан қалдықтарын орап, жолжөнекей жасырын түрде өз адамдарына берген. Ақыры соңында лагерьді атқылау кезінде қашып, ұзақ жолды артқа тастап, қайта сапқа қосылды. Соғыс даласында жеті рет ірі шайқасқа қатысып, «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марпатталды.

Фашистік шабуылға тойтарыс беріп, жаудың екі танкісін жойған ару Алтыншаш.

Фотода Алтыншаш Нұрғожина

Алтыншаш Өскенбайқызы Нұрғожина 1924 жылы қазіргі Ресейдің Мәскеу қаласында дүниеге келген. Әкесі Өскенбай – Кеңес Одағының астанасында қызмет еткен зиялы азамат. 1941 жылы Алтыншаш небәрі 17 жасында өз еркімен Қызыл әскер қатарына қосылып, 18 жасында майданға аттанған. Командирі соғыс даласында қаза болғандықтан сын сағатта Алтыншаш «командир» мәртебесін алды. Бойжеткен шайқаста жаудың екі танкісін төңкеріп, ерлік жасады. Дегенмен, Алтыншаш Нұрғожина Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, батыр атағын алмады…

Радио байланысшы партизан Нұрғаным Байсейітова.

Фотода Нұрғаным Байсейітова

Нұрғаным Байсейітова 1923-жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылында дүниеге келген. Партизан Нұрғаным жауға қарсы стратегиялық іс-қимылды абыройлы атқарып, өз міндетін тыянақты әрі жылдам орындады. Нәтижесінде жау туралы тың деректі орталыққа дереу жеткізіп, 150-ге жуық рельс жолдарын жоюға үлес қосып, жау техникасының көлемін 40 пайызға азайтуға ықпал етті. Маңызды сәтте ақпараттың қауқары оқ пен техникадан да асып түсерін байқаймыз.

Мәншүктің жолын жалғау мақсатында майданға аттанған батыр Баян.

Фотода Баян Байғожина

1943 жылы 15 қазанда пулеметші Мәншүк Мәметова қайтыс болды. Қаралы хабарды естіген қазақ жастарының көңілін мұң шалды. Фашистік пығылдан еш қаймықпай майданға аттанған Баян Байғожинаның жасы 18-де еді. Баян Абай облысының Арқат ауылында дүниеге келген. Қаршадай мерген қыз 24 жаудың көзін жойды. Сонымен қатар Беларусь, Литва, Польша жерлерінде ұрысқа қатысты. Елі үшін, азат өмір үшін оққа тосқан кеудесіне ерен ерліктің нәтижесі ретінде «Қызыл жұлдыз», «Даңқ», «Отан соғысы» ордерін тақты. Соғыстың аяқталуына, жеңіске 12 күн қалғанда Баян Германияның Гиддембург қаласы маңында көз жұмды.

Толымды зерттеулер, талдау, сараптау мақалалары біз санамалап айтқан батыр аналарымыздың бейнесін айқындап, ұлтына, ұрпағына жақындатады, елімен қайта табыстырады. Бізге таңсық, десе де, тасада жүріп қаһармандық жырын жазған аналарымыздың ерен ерлігі мұқият зерттеу, тыңғылықты тармақтауға сұранып тұр. Жеңіс күні жалаулату ғана емес, жау құшағы, тарих қойнауында қалған батыр бабаларымызды жарыққа шығарып, халқына табыстайтын айтулы күн деп санаймыз.

 

Нұрбибі Айтбайқызы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Журналистика факультетінің
2-курс студенті