Түркістан облысының Қожатоғай ауылдық округінде жылына 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылауға арналған жаңа кешен пайдалануға берілді. Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау нысандарының бірі саналатын кәсіпорын жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді.

Кешеннің ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысты.

Жобаны «Қайып Ата» компаниялар тобының құрамына кіретін «Түркістан Агро KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды.

Жаңа кәсіпорын жемшөп дақылдарын өсіруден бастап, мал бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды.

Компаниялар тобының құрамында жылына 7,2 мың тонна өнім шығаратын ет өңдеу кәсіпорны мен қуаттылығы 46 мың тонна болатын құрамажем зауыты жұмыс істейді.

Сонымен қатар кәсіпорын агроөнеркәсіп инфрақұрылымын одан әрі кеңейту бағытында бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр.

Атап айтқанда, 1,4 мың гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясын енгізу арқылы жемшөп дақылдарын өсіру жоспарланған. Бұдан бөлек, 12 мың бас малға арналған заманауи мал биржасын салу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа бордақылау кешенінің құрылысында Аустралияның мал шаруашылығы саласындағы технологиялары қолданылған.

2024 жылдан бастап Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытудың аустралиялық моделінің жекелеген элементтерін енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Бұл тәжірибе мал өнімділігін арттыруға, өндірістік шығындарды қысқартуға және бордақылау алаңдары мен мал саудасының заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Кешеннің ашылуында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин Қазақстанда мал шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін өндірісті жаңғырту және халықаралық тәжірибені енгізу маңызды екенін атап өтті.

«Үш жыл бұрын қазақстандық фермерлермен бірге Аустралияға барып, мал шаруашылығын жүргізудің озық тәжірибесін зерделедік. Бүгінде сол тәжірибенің іс жүзінде қолданылып жатқанын көріп отырмыз», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, Қазақстанда ет өндірісін дамытуға қажетті табиғи және экономикалық мүмкіндіктер жеткілікті.

Атап айтқанда, елімізде кең жайылымдық алқаптар, жемшөп қоры, білікті мамандар және ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарықтарға шығару әлеуеті бар.

Серік Жұманғариннің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның ет экспорты 100 мың тоннадан асқан.

Дегенмен Үкімет бұл көрсеткішті саланың барлық мүмкіндігі толық пайдаланылғанының белгісі деп қарастырмайды.

Қазіргі уақытта агроөнеркәсіп кешенінің Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 6 пайызды құрайды.

Алдағы кезеңде бұл көрсеткішті 10 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылып отыр.

«Мал шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу экономикалық өсімнің қосымша көздеріне айналуға тиіс», – деді Серік Жұманғарин.

Осы мақсатта елде ірі мал бордақылау кешендерін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыру және экспортқа бағытталған өндірістерді кеңейту маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Түркістан облысында ашылған жаңа кешен осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған жобалардың бірі саналады.

Кәсіпорынның толық өндірістік циклге негізделуі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу кезеңдерін бір жүйеге біріктіруге, өндірістің тиімділігін арттыруға және дайын өнімнің қосылған құнын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа бордақылау кешенінің іске қосылуы өңірдің ет өндірісі әлеуетін арттыруға, заманауи технологияларды ауыл шаруашылығына енгізуге және қазақстандық ет өнімдерінің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.