Алматыдағы Almaty SuperSki тау шаңғысы кластерінің құрылысы белсенді кезеңге өтті. Жоба аясында 11 аспалы жол салынып, заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланып отыр. Курортты 2028 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру көзделген.

Жобаның жүзеге асырылу барысы Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясы директорлар кеңесінің отырысында қаралды.

Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев құрылыс алаңындағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады.

Қазіргі уақытта француздық POMA компаниясымен бірлесіп, аспалы жолдардың іргетасын құю жұмыстары басталды. Сонымен қатар Almaty SuperSki жобасының техникалық талаптарына сәйкес қажетті жабдықтарды дайындау жұмыстары қатар жүргізілуде.

Жобаға қазақстандық кәсіпорындар да тартылып жатыр. Атап айтқанда, 11 аспалы жолдың құрылысын жүзеге асыратын POMA компаниясы әлеуетті жергілікті өндірушілердің мүмкіндіктеріне бағалау жүргізді.

Талдау қорытындысы бойынша аспалы жолдардың жекелеген құрылымдық элементтерін өндіруге қазақстандық кәсіпорын іріктелді.

Отандық компания өнімдерді еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес шығаруы тиіс. Бұл халықаралық технологияларды Қазақстанға енгізуге және жергілікті өндірістік құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.

Директорлар кеңесінің отырысында құрылыс және жобалау қызметтері бойынша өткізілген ашық конкурстардың нәтижелері де қаралды.

Жобаға халықаралық сәулет және инжиниринг компаниялары тартылып жатыр. Олар Foster+Partners бюросы әзірлеген архитектуралық тұжырымдаманы жүзеге асыруға қатысады.

Атап айтқанда, швейцариялық Blumer-Lehmann компаниясы курорттың базалық және жоғарғы стансалары ғимараттарының ағаш тірек конструкцияларын жобалау, дайындау және жеткізу жұмыстарын атқарады.

Сонымен қатар компания аталған конструкцияларды монтаждау процесіне техникалық сүйемелдеу көрсетеді.

Ал таудағы туристік ауылдың тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары даниялық Bjarke Ingels Group компаниясына тапсырылды. Бұл компания 24 халықаралық қатысушы арасындағы конкурстың қорытындысы бойынша таңдалған.

Bjarke Ingels Group ұсынған тұжырымдаманың ерекшеліктерінің бірі – жобаға тау шаңғысы курорттарын жоспарлау саласында тәжірибесі мол канадалық Ecosign компаниясын тарту.

Ecosign әлемнің 46 елінде 1000-нан астам жобаны жүзеге асырған. Компания туристік инфрақұрылымды тау шаңғысы кешендерімен үйлестіру, келушілер үшін қолайлы логистика қалыптастыру және ski-in/ski-out қағидатын енгізу бағытында жұмыс істейді.

Ski-in/ski-out тұжырымдамасы туристерге қонақүйден немесе демалыс орнынан шаңғы трассасына тікелей шығуға және сырғанап қайта оралуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды қарастырады.

Жоба аясында халықаралық сәулетшілердің тәжірибесін пайдалану да көзделген. Олардың портфолиосында Финляндиядағы курорттық ауыл, Швейцария тауларындағы туристік кешен және Даниядағы төбесінде шаңғы трассасы орналасқан ғимарат секілді жобалар бар.

Отырыста Almaty SuperSki кластерінің инфрақұрылымын халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов жобаның әлемдік стандарттар негізінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, оның Қазақстандағы туризмді дамытуға ықпал ететінін жеткізді.

Үкімет басшысы құрылыс жұмыстарының қарқынын жеделдетіп, тау шаңғысы курортын 2028 жылдың желтоқсанында іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар жобаның жүзеге асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.

Kazakh Tourism Development Ltd. директорлар кеңесінің келесі отырысы екі аптадан кейін өтеді. Онда жауапты тұлғалар құрылыс жұмыстарының орындалу барысы туралы есеп береді.

Almaty SuperSki жобасын жүзеге асыру Алматы өңірінің туристік әлеуетін кеңейтуге, заманауи тау шаңғысы инфрақұрылымын қалыптастыруға және халықаралық тәжірибені отандық туризм саласына енгізуге бағытталған.

Сонымен қатар жоба аясында қазақстандық кәсіпорындарды өндірістік жұмыстарға тарту технологиялар трансферін дамытуға және жергілікті мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасамақ.