Алматыда «Алматы декларациясына 50 жыл: болашақ ұрпақ үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қуатты жүйесін қалыптастыру» тақырыбында халықаралық конференция өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ), Бельгия делегациясының, БҰҰ-ның Халық қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА), сондай-ақ Қазақстан мен Бельгияның жетекші университеттерінің өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысты.

Конференция барысында отбасылық медицинаны дамыту, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, созылмалы аурулардың алдын алу және жаңа буын медицина мамандарын даярлау мәселелері талқыланды.

Жиында сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев еліміздегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жүйесінің негізгі нәтижелері мен даму басымдықтарын таныстырды.

Оның мәліметінше, бүгінде алғашқы медициналық көмек жүйесі 20,4 млн адамды қамтиды. Олардың 7,6 миллионы – ауыл тұрғындары.

Қазақстанда медициналық алғашқы көмек көрсететін шамамен 5 мың нысан жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 45 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді.

Денсаулық сақтау саласындағы реформалардың негізгі бағыттарының бірі – отбасылық медицинаны және мультидисциплинарлық көмек көрсету моделін дамыту.

Мұндай медициналық командалардың құрамына жалпы практика дәрігерлері, мейіргерлер, психологтер және әлеуметтік қызметкерлер кіреді.

Сонымен қатар аурулардың алдын алу мен оларды ерте кезеңде анықтауға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Жыл сайын Қазақстанда шамамен 3,4 млн ересек тұрғын скринингтік тексеруден өтеді.

Бұдан бөлек, созылмалы ауруларды басқару бағдарламалары, балаларға арналған ерте араласу қызметтері және денсаулық сақтау саласындағы цифрлық шешімдер дамытылып жатыр.

Тимур Сұлтанғазиев медициналық көмектің сапасын арттыруда инфрақұрылымды кеңейтумен ғана шектелмеу қажет екенін атап өтті.

– Біздің міндетіміз – медициналық инфрақұрылымды кеңейтумен ғана шектелмей, әрбір адамның тұрғылықты жеріне жақын жерде сапалы медициналық көмекті уақтылы алуын қамтамасыз ету. Біз көрсетілген қызметтердің санын бағалаудан пациенттердің денсаулығына нақты әсер ететін нәтижелерді бағалауға біртіндеп көшіп келеміз.

Халықаралық конференцияда Қазақстан мен Бельгия арасындағы медициналық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де қарастырылды.

Атап айтқанда, Бельгия университеттерімен академиялық байланыстарды нығайту, отбасылық дәрігерлерді даярлау тәжірибесімен алмасу және алғашқы медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізу бағыттары талқыланды.

Қазақстан Бельгиямен, ДДҰ-мен және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлескен ғылыми, білім беру және практикалық жобаларды одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

2028 жылы Алматы декларациясының қабылданғанына 50 жыл толады.

Осы тарихи дата қарсаңында конференция қатысушылары алғашқы медициналық көмекті нығайтуға қатысты ортақ қағидаттарды нақты іс-шаралар арқылы жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

Бұл бастамалар медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.