«Қазақстан халқының санын көбейтуді тек эмбриологияға міндеттеп қоя алмаймыз» — Эмбриолог Дамира Әлмұхамедқызы
ELORDAMEDIA тілшісі Мөлдір Түктібай «Экомед» ЭКҰ клиникасынының аға эмбриологы, «Экомед» клиника желісіндегі донорлық гаметалар банкінің негізін қалаушы Дамира Әлмұхамедқызымен сұхбат құрды. Сұхбат барысында эмбриология саласының беймәлім қатпарлары талданып, даму бағыттары мен қайшылыққа толы қағидалары, негізгі қиындықтары мен жетістіктері сөз болды. Журналист ел көкейінде жүрген бірнеше сауалдың жауабын білуге талпынды.
— Сәлеметсіз бе, Дамира ханым! Өзіңізді көргенімізге аса қуаныштымыз. Бірден сауалымызға көшсек. Эмбриологтың басты міндеті не? Сұхбатымызды эмбриолог маманның қызметіне анықтама бере отырып бастасақ.
— Эмбриолог — жаңа өмір, жаңа тіршіліктің бастау алуына себепкер болатын ерекше маман. Эмбриологтың уақыты зертханада өтеді, күн сайын дәлдік пен жауапкершілікті талап ететін жұмыс атқарады. Яғни, ана жасушасын аталық ұрықпен қосып, эмбрионның даму сатысын, кезең-кезеңімен бақылайды. Кейін жоғары технологияны қолданып көптен күткен сәбидің дүниеге келуіне ықпал етеді. ЭКҰ әдісінің арқасында табиғи жолмен бала сүйе алмаған жұптар да ата-ана болу бақытына ие болып жатыр. Ал генетика тұрғысынан алғанда, көбею дәнегінде ақау анықталған жұптар — ПГД (эмбрионның генетикалық талдау) арқылы дені сау сәбиді дүниеге әкеле алады. Яғни, эмбриолог ұрықтандырудан бастап эмбрионалдық кезеңнің соңына дейін жатырдағы баланың дамуы мен қалыптасуын зерттеп, бақылайды.

— Таңдап алған мамандығыңыздың үлкен жауапкершілікті талап етері белгілі. Бұл салаға бет бұруыңыздың басты себебі қандай?
— Мен қоғамға пайда әкеліп, өз еңбегімнің нәтижесін көргім келді. ЭКҰ саласында 7 жыл жұмыс істедім. Кейін эмбриология саласына келсем деп шешім қабылдадым. Оңай мамандық емес. Жылдар бойы оқып, өз дағдыңды шыңдап, тәжірибе жинауың қажет. Эмбриолог бола алатын адам — жоғары эмпатиясы бар адам. Алғашында эмбрионды ананың жатырына тасымалдау кезінде жылап қалдым. Әйелдің көзіндегі үмітті көрдім. Ерекше толқыдым. Маған сенім артып келген жанды үнемі түсінуге тырысамын. Ал осы мамандықты таңдауыма басты себепкер — атам еді. Ол кісі маған «өз ісіңнің маманы бол» деп тәрбие берді. Атамның берген тәрбиесі мен айтқан ақылы мені жауапкершілікке, мейірімге және ұқыпты болуға баулыды.
— ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) процесінде эмбриолог процестің қай кезеңіне дейін жұмыс істейді?
— Эмбриолог ЭКҰ процесінің басы-қасында жүреді, үдерістің бастап бірнеше кезеңге дейін қатысады. Нақтырақ айтсам, дайын эмбрионды жатырға тасымалдағанға дейін. Қарапайым тілмен түсіндіре кетейін, алдымен аналық жасушаны жинайды (ооциттерді алу). Кейін сперматозоидтарды дайындап, белсенділігін, сапасын арттырады. Классикалық ЭКҰ немесе ИКСИ әдісі арқылы аналық жасушаға сперматозоид қосып ұрықтандырады, эмбриондардың дамуын күнделікті бақылайды. Процесс кезінде «хэтчинг», «генетикалық диагностика», «криоконсервация» сынды әдістерді қолданамыз. Эмбрионды әйел адамның жатырына тасымалдағаннан кейінгі кезеңде (жүктіліктің дамуын бақылау, босану) репродуктолог дәрігерлер жауапты болады.
— Елімізде қазір белсіздік, бедеулік белең алған проблемаға айналды. Осы тұрғыда эмбриология саласы Қазақстан демографиясының кем-кетігін толықтырып, халық санын, демография келеңсіздігін шешуге қауқары жете ме?
— Иә, эмбриология саласы Қазақстандағы демографиялық проблемаларды шешуге үлес қоса алады, тек белгілі бір деңгейде ғана. Мәселен заманауи эмбриология әйел адамның жасына қарамастан бала сүю мүмкіндігін молайтты, бұл халық санының тұрақты өсуіне, көбеюіне өз септігін тигізеді. Эмбриология мен криотехнологияның арқасында, қазір ана болуды жоспарламайтын әйелдер жүктілікті кейінге қалдыра алады. Яғни, ооциттерді немесе эмбриондарды криоконсервациялау арқылы. Бұл елдегі әр жұптың репродуктивті денсаулығының деңгейін алдын ала білуге, болашақ сәбиге сапалы өмір сыйлауға көмектеседі. Алайда демография проблемасын толық шешу үшін елде экономикалық жағдайды жақсарту қажет. Үкімет тарапынан жас отбасыға қолдау көрсетіліп, әлеуметтік және медициналық инфрақұрылымды дамыту маңызды. Сондықтан эмбриология саласы арқылы халық санын тұрақтандыра аламыз, алайда бұдан да тиімді жолдар бар.

— Желіде аналық/аталық жасушаның бірінсіз жүктілікті жоспарлауға болады деген зерттеулер кездеседі. Бұл эмбриология тұрғысынан қаншалықты шындыққа жанасады?
— Иә, әлеуметтік желіде «аналық немесе аталық жасушасыз жүктілік мүмкін» деген тұжырымдар көп кездеседі. Алайда қазіргі практикада жүктілік үшін міндетті түрде аналық жасуша және сперматозоид қажет. Кейде ғылыми зерттеу нәтижесінде стволдық жасушадан (универсал жасуша) жасанды гамета жасауға болады деген қорытындыға келеміз. Бірақ олар әлі тәжірибе сатысында және практика тұрғысында қолданысқа дайын емес. Сондықтан аналық немесе аталық жасушасыз жүктілік — бүгінде тек ғылыми эксперимент.
— Эмбриологияға қатысты мынадай миф бар. “ЭКҰ арқылы туған бала — табиғи бала емес. Бұл бала болашақта ауырып қалуы, денсаулығы дұрыс болмауы мүмкін. Мұндай балалардың зейінінде ауытқу болады” деген. Кәсіби маманнан осы мифтің рас-өтірігін білсек.
— ЭКҰ арқылы туған бала генетика мен физиология тұрғысынан табиғи жолмен дүниеге келген баламен бірдей. ЭКҰ процесі тек ұрықтандыру әдісін өзгертеді, хромосомалық құрылымға немесе ДНҚ-ға әсер етпейді. Эмбриология саласындағы ғылыми зерттеулер ЭКҰ арқылы туған сәбидің денсаулығы, физикалық дамуы және интеллектісі табиғи жолмен туған балалардан ерекшеленбейтінін дәлелдеді. Сонымен қатар ЭКҰ арқылы туған балалар көбіне зарыға күткен, зарыға аңсаған бала болады. Ата-анасы оларға бар махаббатын береді, сондықтан жасанды жолмен ұрықтандырудан дүниеге келген баланың интеллектісі әдеттегіден де жоғары болуы мүмкін.

— Шыны керек, бүгінде генетикалық мутациямен дүниеге келетін сәби көп. Проблеманың алдын алу үшін “кариотип анализін” тапсыру жайлы айтып бере аласыз ба? Бұл қандай анализ?
— Кариотип анализі хромосомалардың дұрыс құрылымын тексеретін генетикалық зерттеу. Болашақ сәбидің бойындағы генетикалық ақаулардың алдын алу үшін жасалады. Сондай-ақ жүктілікті жоспарлап жүрген жұптарға сенімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Кариотип анализі қорытындысының қалыпты болмауы хромосомалық ақауды немесе сандық өзгерісті көрсетеді. Аталмыш гендік талдауды жасар алдында маманнан кеңес алу керек. Жұптың кариотип анализі сәйкес болмаған жағдайда, ПГД (эмбрионның генетикалық талдауы) сияқты репродуктивті технологиялар арқылы болашақта дені сау баланы дүниеге әкелуге мүмкіндік бар. Дені мен тәні сау ұрпақты дүниеге әкелуді жоспарлайтын отбасы кариотип анализін тапсыруы керек. Бұл әйел адам мен ер адамның өзіне, болашақ ұл-қызына танытқан қамқорлығы.
— Эмбриологияда “лазерлі биопсия”, “имплантацияға дейінгі генетикалық талдау” сынды жаңа технология бары белгілі. Өзіңіз жұмыс барысында тағы қандай кейінгі кездің жаңа технологиясын қолданасыз?
— Иә, менің салам жаңа технологиямен жұмыс істейтін бағыттың бірі саналады. Атап айтсам, эмбриологиядағы заманауи технология қатарында, пьезо-ИКСИ – жұмсақ импульстар арқылы ұрықтандыру; эмбрископ (time-lapse) – эмбрионның дамуын 24/7 бақылау; криоконсервация – эмбриондарды немесе аналық/аталық жасушаларды ұзақ уақытқа сақтау; еmbryo glue – имплантацияны жақсарту; ооциттерді активациялау – аналық жасушаңың ұрықтану белсенділігін арттыру сынды әдістер бар. Біз жаңа технологияны зертханамызға тек мұқият зерттегеннен кейін ғана енгіземіз.Ғалымдармен кеңесіп, халықаралық конгрестерге қатысып, басқа елдердің тәжірибесін тыңдаймыз. Жаңа технология саламызды ілгерілететініне, сәбидің өмірге келу көрсеткішін арттыратынына көз жеткізіп барып қолданамыз.

— Нарыққа жасанды интеллекті, гендік инженерия енді, бұл эмбриология саласына да әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты таяу арада қандай жаңа бағыт ашылды немесе ашылуы мүмкін?
— Әрине, ЖИ мен робототехника эмбриологияға да икемделіп жатыр. ЖИ бағдарламалары арқылы эмбрионның дамуын бағалап, сперматозоидтарды таңдап, ооциттердің сапасын анықтай аламыз. Ал роботтандырылған технология арқасында, ұрықтандырудың кей кезеңін автоматтандырдық. Дегенмен, эмбриологтың кәсіби бақылауы әлі де қажет, себебі барлық этап робот арқылы орындалмайды. Гендік инженерия зерттеу мен экспериментке арналған, күнделікті ЭКҰ процесінде эмбриолог гендік инженерияны қолданбайды. Ғалымдар эмбриологтың міндетін азайтып немесе мүлде қажет етпейтін технология жасауға тырысып жатыр, басты мақсат процедураны стандарттау. Алайда эмбриологтың мықты білім базасы кез келген жағдайда қажет, бұл ЖИ қатесін байқап, түзету үшін маңызды. Сол себепті эмбриолог маманның жұмысы жеңілдеген жоқ және алдағы уақытта да эмбриологқа қойылатын талап азаймайды.
— Елімізге ЭКҰ 30 жыл бұрын келді және бүгінде медицинадағы ең жемісті бағытқа айналды. Қазақстандағы қазіргі эмбриология саласының дамуы туралы не айтар едіңіз?
— 30 жыл бұрын Байқошқарова Салтанат Берденқызы елімізге ЭКҰ технологиясын алғаш енгізіп, тұңғыш маман атанды. Қазір Салтанат Берденқызы ең заманауи және жоғары нәтижелі ЭКОМЕД ЭКҰ зертханаларының ғылыми жетекшісі. Жыл сайын біздің мамандар халықаралық конференцияларға қатысып, орталығымызға келген ғалымдармен тәжірибе алмасады. Қазір еліміздегі эмбриология мен ЭКҰ бағыты өз даму шыңында десек болады. Біздің зертханамызға келген шетелдік мамандар әлемдегі ең озық технологияның орталығымызда барын көріп таң қалады. Сондықтан 30 жыл ішінде дара жолымыз қалыптасып, медицинаның озық бағытына айналдық.

— Сұхбат беріп, сұйікті салаңыздың қыр-сырын бөліскеніңіз үшін көп рақмет, Дамира Әлмұхамедқызы! Ісіңіз әрқашан жемісті болып, еңбегіңіз бағалана берсін!
— Көп-көп рақмет!