Биыл адамзат тарихындағы ең алапат қырғын – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Сол зұлмат заман алыстаған сайын тарих бетінде қатталып қалса да, оның жарасы, қайғысы халық жадында жаңғырып тұрады. Бұл соғыс – әр қазақтың, әр әулеттің тағдырына таңба болып басылған қасіретті дәуір. Біз – бейбіт өмірдің ұрпағымыз. Бірақ бейбіт таңды сыйлаған ерлердің рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың мәңгілік борышы.

Өз әулетімнің өткеніне көз салсам, соғыстың салқыны біздің де отбасымызды айналып өтпегенін көремін.
Атам – Қошмамбетов Ануар 1941 жылдың 15 маусымында Қызыл Армия қатарына шақырылып, небәрі жеті күндік әскери дайындықтан кейін майдан даласына аттанады. Отан қорғау жолындағы сапары Мәскеуді қорғаудан басталады. Ол жаяу әскер қатарынан танк командиріне дейін көтерілген.

Берлин бағытына ұмтылған ұрыстардың бірінде оның танкі өртеніп, өзі ауыр жараланған. 9 мамыр – Жеңіс күнін ол госпитальде қарсы алған. Сол сәтте радио арқылы Жеңіс туралы сүйінші хабар жеткенде, қан-жоса жаралы денесін зорға сүйреп, терезеге жеткен. Көшеде алаулаған қуаныштың куәсі болып, көз жасына ерік берген. Сол сәттің салмағы жүрегіне ауыр тиген болар, есінен танып құлаған екен.

Ануар атам майданда ғана емес, бейбіт өмірде де ерлік көрсеткен.
1949 жылы сталиндік жер аудару жылдары Талас ауданының Майтөбе кеңшарына әкелінген босқындарды күздің қара суығында далада қалдырмай, мектепке кіргізіп, жылы орынмен қамтамасыз еткен. Бұл игі іс туралы кейін грек ұлтының өкілі Мария Петаниди әжей ризашылықпен айтып, біздің әулетімізге шынайы алғыс білдірген.

Күләш апам соғыс басталғанда небәрі 13 жастағы бала болатын. Оның балалық шағы майдан қажеттілігіне арнаумен өткен. Үйде отырып, майдан үшін телогрейка мен қыстық шалбарлар тіккен. Таңнан кешке дейін үй тірлігі, мал бағу, мектепке бару, сабақ оқу, тігін тігу – бәріне үлгерген.
Бірде шаршап отырып, саусағын тігіп алған екен. Содан тырнағы сынып, өмір бойы қалпына келмепті.
Күз айларында оқушылар масақ теруге жұмылдырылған. Аш қарын балалар егіс алқабында от жағып, бидай қуырып жеген. Күләш апа: «Сол қуырылған бидайдай тәтті дәмді өмірімде ешқашан татқан емеспін», – деп еске алатын.

Күләш апаның туған ағасы – Батылхан атам да соғыстың басынан соңына дейін атты әскер құрамында болған. Венгриядағы бір ауылға келгенде, бүкіл тұрғындар қашып кеткен екен, тек бір кемпір ғана қалған. Батылхан атам әлгі қарияны туған анасындай аяп, күн сайын тамақ пен су апарып тұрған. Қоштасар сәтте әлгі кемпір өз тілінде бірдеңе айтып, жүрегімен ақ батасын берген.

Кейінгі қанды шайқастардың бірінде Батылхан атамның аман қалуы да сол аналық алғыстың шарапаты болар, өйткені екі жүз сарбаздың ішінде тірі қалған үшеудің бірі сол кісі еді.

Анам – Зәуре, соғысты көзбен көрмегенімен, оның салқынын бала күнінен сезініп өскен. Ата-анасы – Қаратай ата мен Апуза апа да соғыс басталғанда бала болған. Бірақ олардан да соғыс майданына үш адам аттанған: Қаратай атаның ағалары – Балтабай мен Спатай, Апуза апаның әкесі – Мутай.

Лейтенант Балтабай Адамбаев басқарған атқыштар ротасы Моздок түбінде ерлікпен шайқасып, Панфиловшылардың аңызға айналған ерлігін қайталаған.
Балтабай атаның жеке өзі жеті жау танкісін жойған. Кейін тұтқынға түсіп, концлагерьде жасырын ұйым құрып, екі рет қашып шыққан. Жау тылында партизандық күрес жүргізген.
Кеңес әскері азат еткеннен кейін оның ерлігі мойындалып, жоғары марапаттарға ие болған.

Құдияров Мутай атамыз 202-атқыштар дивизиясының 645-полкінде шайқасқан. 1943 жылы ауыр жараланып, елге оралған.

Иә, бұл тағдырлар тек менің әулетімде ғана емес, қазақтың әр ауылында, әр ошағында бар.
Әр отбасында майданға аттанған боздақтың үні қалған, әр шаңырақта тылдағы еңбекпен есейген баланың ізі қалған.

Сондықтан біз үшін Жеңіс күні – жай ғана мереке емес. Бұл – жүректен шыққан шынайы тағзым, ата-бабаларымыздың ерлігіне деген мәңгілік құрмет.

Бүгінгі бейбіт аспан – сол сұрапыл жылдарда жанын қиған ұрпақтың тартуы. Біз соғысты көрмедік, бірақ бейбіт күннің бағасын білуге міндеттіміз.

Өйткені еске алу – құрмет.
Ұмытпау – парыз.

Айтуар Қошмамбетов,
Respublica
партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты