Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің зәулім үйі тәркіленіп жатыр

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің Астана қаласында орналасқан зәулім үйі сатылмайтын болды. Ғимарат қаланың әлеуметтік қажеттіліктері үшін тәркіленді.
Мәсімов үйінің тәркіленетіні жайлы «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәлім етті. Azattyq Rýhy порталының жазуына қарағанда, мүліктің бастапқы бағасы 1 685 115 000 теңге болған.
Алайда компания Астана әкімдігінен аталған мүлікті қаланың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдаға асыру туралы ресми өтініш алған.
«Өтініштің әлеуметтік маңыздылығын және заңнама нормаларын ескере отырып, нысан электрондық сауда жоспарынан шығарылды. Нысанды одан әрі пайдалану жергілікті атқарушы органның мүдделерін ескере отырып, белгіленген тәртіппен айқындалады», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, зәулім сарай қазір түрмеде отырған Кәрім Мәсімовке тиесілі болған. Ол ұсталған соң үйінен 17,2 миллион доллар қолма-қол ақша, қымбат сағаттар, алтын құймалар, антиквариат және басқа да құнды заттар тәркіленді. Үйдің ішінде бассейн, спорт залы, би алаңы және кинотеатр бар.