Қазақстан қара алтынын игерудің шежіресі жазылып, Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының 80 жылдығына орай эксклюзив кітап жарыққа шықпақ.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-сының хабарлауына қарағанда, Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдық мерейтойына орай тың деректер мен бұрын-соңды жарияланбаған фотосуреттерді қамтитын жаңа кітап дайындалып жатыр. Бұл басылым — зауыттың өткенін түгендеп, бүгініне жаңаша көзқараспен көз тастауға мүмкіндік береді.

Кітапта беймәлім фактілер архивтік құжаттармен жан-жақты зерделенеді. Әсіресе, зауыт құрылысына атсалысқан қазақстандықтар жайлы кеңінен жазылады. Әрі өндірістің бел ортасында аянбай еңбек еткен жұмысшылар, соның ішінде қайсар қыздар туралы да ақпараттар топтастырылады.

Жарыққа шығатын кітаптың энциклопедиялық сипатта емес, шежірелік, танымдық тұрғыдан ұсынылатыны мәлім болды. Сонымен қатар еңбек авторлары өндіріс тынысын тереңірек сезіну үшін зауыттың ардагерлері мен білікті мамандарынан, серіктестерінен алынған сұхбаттардың маңызды тұстарын жариялауды мақсат етіп отыр.

Кітаптағы негізгі көрнекілік — фотоматериалдар.

Кітаптың 80 пайызы бұрын еш жерде жарияланбаған сирек суреттерден тұрады. Бұл материалдар Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Алматыдағы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінен арнайы алынды. Сонымен қатар, әр жылдары зауытты жаңғыртуға атсалысқан мамандардан материалдар жинақталды. Құнды деректер мен сирек кездесетін суреттердің бір бөлігі — зауыт ардагерлерінің отбасылық архивінен шықты, — делінген ақпаратта.

Кітаптағы атаулы бір тарау қазіргі зауыттың дамуына өз үлесін қосып жатқан жұмысшыларға арналмақ. Бүгінде арнайы құрылған редакциялық алқа архивтік құпия қорлармен жұмыс істеп жатыр. Кітап 90 пайызға дайын. 1000 дана болып басылады. Баспадан тамыз айында шығып, қыркүйекте өтетін мерейтойлық шара барысында дүйім жұртқа таныстырылады деп жоспарланған.

Орайы келгенде айта кетейік, Атырау мұнай өңдеу зауыты («АМӨЗ» ЖШС) — Қазақстанның жетекші үш мұнай өңдеу зауытының бірі. Ұлы Отан соғысы жылдары салынған және 1945 жылы пайдалануға берілген. Мұнай өңдеу зауытының иесі — «ҚазМұнайГаз» ҰК » АҚ (99%). Өңдеу қуаттылығы жылына 5,5 млн тоннаны, өңдеу тереңдігі — 86,4%.

Кәсіпорын тауарлық мұнай өнімдерінің 20-дан астам түрін (таңбалауды қоса алғанда) шығарады: сұйытылған көмірсутекті газдар, автомобиль, дизель отыны, реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, вакуумдық газойль, пеш отыны, мазут, мұнай кокстары, техникалық күкірт, параксилол, бензол және т. б. Бүгінгі таңда зауыт Қазақстандағы мұнай-химиялық өнімді шығаратын бірден-бір өндіруші саналады.

Кәсіпорын облыстағы ең ірі салық төлеушілердің бірі бола отырып, Атырау облысының экономикасына қомақты үлес қосып отыр.