Хьюстонда өтіп жатқан FIRST Championship 2025 халықаралық инженерлік турнирінде Қазақстан құрамасы рекорд қойып, үздік нәтиже көрсетті. Турнирге 110 елден 50 мыңнан астам оқушы қатысқан.

Қазақстан талапкерлері инженерлік турнирдің  үш жас санаты бойынша рекордтық нәтиже көрсеткен.

Жоғары санат (12-18 жас) бойынша Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің PID командасы финалға өтіп, қос марапат қанжығалаған.  Марапат атауы — Motivate Award Winner және Division Finalist Award.

Орайы келгенде айта кетейік, қазақстандық құрама ел тарихында тұңғыш рет жарыс финалына өтіп отыр.

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің CRISTABOL командасы техникалық және техникалық емес дағдыларды қабыстырғаны үшін берілетін ең беделді марапат – INSPIRE Award-ты жеңіп алды.

Sana Team (Алматыдағы Білім-инновация лицейі) және Jeltoqsun (Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебі) командалары робот ойыны бойынша 258 команданың ішінде үздік аталып, ТОП-20 қатарына енді.

Орта санатта (10-16 жас) – FIRST LEGO League Challenge турнирінде Астана қаласындағы «Skillset» мектебінің SKILLSET командасы Champions Award номинациясы бойынша финалист атанды. Қарағандыдағы «Мұрагер» мектебінің RASSLEXX командасы Coopertition Award Winner марапатын жеңіп алды.

Кіші санатта (6-10 жас) – FIRST LEGO League Explore бойынша Павлодар қаласындағы «Сатурн» мектебінің ATLANTIS командасы Team Model Award марапатына ие болды.

– FIRST Global Challenge чемпионатының ерекшелігі – бұл жарысқа әртүрлі жас деңгейіндегі бірнеше команда қатысады. Қазақстан бұл чемпионатқа небәрі 5 жылдан бері қатысып келеді. Соған қарамастан, ондаған жылдық тәжірибесі бар мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекеге түсудеміз, – деді USTEM Foundation қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметов.