Қазақстандықтар көлеңкелі кеңістік арқылы 15 млрд долларға криптовалюта сатып алған

Көлеңкелі кеңістіктен 15 млрд долларға криптовалюта сатып алған қазақстандықтар назарға ілікті. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов келешекте көлеңкелі аймақтан криптовалюта сатып алғандарға шара қолданылып, аты-жөні ашық жарияланатынын айтты.
— Бүгінгі таңда криптовалюта айналымының 5 пайызы ғана Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы орындалады. Қалған 95 пайызы көлеңкелі аймақта. Бұл шамамен 15 млрд доллардай. Аталған деректер халықаралық компаниялардың есебінен алынған. Былтыр сонда Қазақстан азаматтары көлеңкелі аймақта криптовалюта сатып алуға 15 млрд доллар жұмсаған. Мұны біз сыртқа актив шығару деп атап отырған жоқпыз. Бәлкім осыған дейін азаматтар алаңсыз инвестиция салу үшін нормативтік-құқықтық реттеу қажетті деңгейде болмаған шығар. Қазір ол тәсілдердің бәрі әзірленген деп айта аламыз, — деді ол.
Сонымен қатар төраға орынбасары криптовалютаға салынған ақшаның ізсіз кетпейтінін айтып, ешқандай да жасырын-жабық үрдістің жоғын жеткізді:
— Криптовалюта айналымында жасырын процесс жоқ. Бәлкім кейін брифинг ұйымдастырып, кімнің қанша жұмсағанын аты-жөнімен атайтын шығармыз. Қазір оны ашып көре алмаймыз. Біз халықаралық жүйенің мүшесі болған кезде ашып көре аламыз, сол кезде мәлімдейміз, — деді Берік Шолпанқұлов.
Бұған дейін Қазақстанда криптовалюта сатушылар 5 млрд теңгеге жуық салық төлемегені белгілі болған еді.