Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов ауруханадан шықты

Фото: ruslan_berdenov
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов аяққа тұрды, оқырман қауымға алғыс айтып, сынаққа түскен сәттегі сезімін бөлісті.
— Құрметті шымкенттіктер, қадірлі Қазақстан халқы! Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім. Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді. Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді, — деп жазды Берденов.
Шымкент қаласы әкімдігі де Берденовтің жағдайына қатысты пікір білдірді. Әкімдік таратқан мәліметке қарағанда, Берденов оңалтуға қажетті ем алып жатыр:
«Р. Берденовке №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері тарапынан бірнеше күрделі оталар шұғыл жасалынды. Отадан кейін 21 күн бойы науқасқа толық ем-шара жүргізіліп, гемотрансфузия, плазмотерапия, антибиотик терапия емі және т.б медициналық көмектер көрсетілді. Қазіргі таңда науқастың жалпы жағдайы тұрақты, гемодинамикалық көрсеткіштері қалыпты, жақсарумен ауруханадан шығарылды., – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, экс-депутат, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әкімдік ғимаратына алдында шабуыл жасалды. Күдікті шенеунікке «Сайга-12» аңшы мылтығынан үш рет оқ атқан.