«Трамп бастаған тариф саясаты шикізат бағасын құбылтып, Қазақстан экономикасына қауіп төндіреді».  Отандық сарапшылар шикізат құнының құбылуына қатысты сараптама жүргізіп, Қазақстан экономикасына төніп тұрған қауіп пен сын-қатерді саралады. 

— Трамптың саясаты шикізат бағасына ықпал етіп, Қазақстанға қауіп төндіреді, — дейді отандық сарапшылар.

Astana Open Dialogue жабық сауалнамасына қатысқан сарапшылардың 80%-дан астамы шикізат бағасының құбылатынын нақтылаған.  Сауалнамаға  саясаттану, экономика, халықаралық қатынастар, мемлекет басқару, энергетика, білім беру, журналистика және телекоммуникация салаларында еңбек етіп жүрген 50-ден астам сарапшы қатысты.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың қатарында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы, ҚСЗИ, МИСП, қоғамдық пікірді зерттеу орталығы, UNDP Kazakhstan, ҚР Парламенті Сенатының аппараты, Нархоз Университеті бар.

Респонденттер таяу арадағы 3-5 жылға көз тастады. Негізінен алғанда:

— сауда қақтығыстары мен протекционизмнің өсуі – 75%,

— әлемдік сауда қарқынының төмендеуі – 63,9,

— өңірлік сауда блоктары рөлінің күшеюі – 50% деп болжады.

Сарапшылардың сарсаңы

Осы орайда, әлемдік экономиканың осал секторлары туралы айтуға тура келеді. Сарапшылар бірауыздан жоғары технологиялық өнімдерге (61,1%), энергетикаға (50%) және қаржы нарықтарына (41,7%) назар аударған.

Сарапшылардың 83,3%-ы шикізатқа деген сұраныстың бұлғақтауынан қатты қауіптенеді. Ал екінші кезектегі елді алаңдатқан маңызды фактор — валюталық және инвестициялық тәуекелдер (63,9%).

Шынтуайтында, Қазақстан экономикасына Трамптан бөлек Ресей мен Қытайдың да қыспағы бар. Сарапшылар да қос нарықтың бірқатар тауар түрлері бойынша Қазақстанмен бәсекеге түсетінін ескертіп отыр.

Мамандардың пайымдауына сенсек, Ресей Қазақстан тауарлары үшін басты транзит дәлізі болып қала береді. Бұл одан әрі саяси уағдаластықтарға тәуелді болу мен кіріптарлықты күшейтетіні айтылған.