Америка – әлем бойынша көші-қон процесі үздіксіз жүретін әрі дауы тоқтамайтын ел. Президент Дональд Трамптың сайлауалды бағдарламасында да ел аумағына заңсыз қоныстанған мигранттарды кері қайтару сөз болған еді. Жаңа президенттің енгізген өзгерісіне сәйкес, алғашқы депортация наурыз айында жоспарланып, мамыр айында іске асты. Осылайша, 20 мамырда алғаш депортацияланған азаматтар Гондурас пен Колумбияға қайтты.  

— Әр мигрант CBP Home қосымшасы арқылы өтінім беріп, Трамп әкімшілігінің көмегімен отанына қайта алады. Араға уақыт салып АҚШ-қа заңды түрде оралуға мүмкіндік бар. Олардың жол шығыны толық өтеледі және $1000 көлемінде гуманитарлық көмек тағайындайды, — деп хабарлайды Reuters.

Трамп қойған тағы бір талап «елді әуреге салды»

Трамптың саясатында көші-қон үрдісі басты назарға алынған. АҚШ-тың кеден және шекараны қорғау қызметінің дерегіне қарағанда,  биыл наурыз айында шекараны заңсыз кесіп өткендер аз. Бұл Джо Байден билігі кезіндегі, 2024 жылдың алғашқы екі күнімен салыстыра анықталған жайт. Демек, АҚШ-қа заңды түрде баратындардың саны көбейген. Осыған сәйкес, шекара қызметіндегілер тексерісті қатаңдата бастады. Статистикаға сүйенсек, наурыз айында шекара және кеден қызметі оңтүстік порт арқылы шекарадан өтем деген 7181 мигрантты ұстады. Ақпан айында 8346 шетелдік тұсауланған. Наурыздағы көрсеткіштің 14%-ға кемігені байқалады. Енді шекара арқылы Америка жетемін деген адам санын күндік есепке шағып көрейік. Мәселен, наурызда 673 азамат болса, ақпанда шамамен 693 адам болған. Бұл жоғарыда айтқандай, Джо Байден билігі кезінде болған заң бұзушылықтардан әлдеқайда аз, нақты айтсақ, тәуліктік көрсеткіш 81%-ға, наурыз бен ақпандағы көрсеткіш 95%-ға аз.

Әлемдегі 17% мигрант АҚШ-та қоныстанған

Америкада өткен кейінгі санаққа қарасақ, елде 47.8 млн мигрант бар екені айтылады. Оның төрттен үш бөлігі заңды түрде келгендер (LPR (Lawful Permanent Resident) немесе грин карта иегерлері) мен уақытша қоныстанғандар.  БҰҰ халық санағы бөлімінің дерегіне жүгінсек, Америкадағы мигрант саны кез келген басқа елмен салыстырғанда көп. Тіпті, Германия, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания және Францияны сынды 4 мемлекетті жағалайтындардың жалпы үлесі де Америкадағы рекордтық көрсеткішке жетпейді. 2024 жылы әлем халқының 4%-ы, барлық мигранттың 17%-ы Америкада деп хабарланған. Бұл көпшілік көкейінде «батыс билігінің миллиондаған адамды бағындыра алмағаны ма, әлде Америкаға қарай ағылатындардың ынсапсыздығы ма?» деген сұрақты туындатады.

2023 жылы АҚШ-тағы мигранттардың ең үлкен тобы мексикалықтар екені нақтыланды. Мексида туған АҚШ тұрғындарының саны 10.9 млн адам болған, екі жылда бұл көрсеткіштің тағы да артқанын ескеру керек. Бұл Америкада шетелден қоныстанған барлық тұрғынның 23%-на тең. Оңтүстіктегі көршілерінен соң штаттардағы тұрғынның алды Индия мен Қытайдан. Яғни, мигранттардың 2.9 және 2.4 миллионы Азиядан жеткен.  Сондай-ақ Филлиппин, Сальвадор, Куба, Вьетнам, Доминикан Республикасы, Гватемала мен Колумбиядан келгендерді жиі кездестіруге болады. Бұл көрсеткіш Трамптың енгізген саясатынан соң әлдеқайда төмендеуі мүмкін. Себебі таяу арада Ақүй әкімшілігінің заңсыз қоныстанғандарды қыстап, талапты қатаңдата беретінін аңдауға болады. Әрбір мигрантты қалауынан тыс нығарлап, келген еліне қайтару шығыны — $17000. Сондықтан да, атқарушы билік бұл бағдарламаны енгізіп отыр.

Өз еркімен депортацияланғандардың алғашқы легінде 64 адам бар

Алғаш CBP Home қосымшасы арқылы өтінім беріп, отанына оралған гондурастық және колумбиялықтардың жағдайы тұрақты, — деп хабарлайды informburo.kz. АҚШ-тың Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен депортацияланғандар Хьюстоннан жолға шықты, жиын саны 64 адам болып Гондурас пен Колумбияға  аттанды. Олардың барлығы келісім бойынша $1000 сыйақы алды. Департаменттегілердің сөзіне қарағанда, Гондурасқа жеткізілген 38 адамды жергілікті билік жылы шыраймен қарсы алған. Сондай-ақ тағы $100 доллар көлемінде сыйақы беріп, жұмысқа орналастыру проблемасын шешуге көмектесетінін айтқан. Ал Колумбияға қайтқан 26 мигрантқа ел билігі әлеуметтік көмек бермек, бірақ бұл толық нақтыланбады. Мигранттардың арасында АҚШ-та туған балалар да болған.

Максим (аты өзгертілді), Ресей азаматы, АҚШ-та заң компаниясында қызметкер:

Иә, Америкадағы жағдайдан хабардармын. Заңсыз ел аумағында тұрып жатқандарды бұған дейін де депортациялап жатқанын білесіздер. Ал жаңа бағдарлама әр мигранттың қалауымен іске асады. Заң саласында жүргендіктен көші-қон процесіне байланысты сұрақтарды талдап,  жиі саралаймыз. Трамптың енгізген жаңа жүйесі бірқатар проблеманы шешеді деп үміттемін. Еліне қайтқан мигрантқа берілетін сыйақыға келсек, бәрі — рас. Трамп әкімшілігі сумманы толық күйінде табыстайды. Меніңше, осыдан кейін Мексикадан келген қоныстанушылардың саны азаяды. Олар басқа елден келгендерден қарағанда әлдеқайда көп. Америкада заңды түрде тұрып жатқан азаматтарға ешқандай қауіп жоқ, тек турист есебіндегі визамен келгендер қалып қоймауға тиіс. Себебі бекітілген айыппұл көлемі өте үлкен. Әзірше жағдай тұрақты, өзгерістер болса, жергілікті БАҚ бірден хабарлайды деп ойлаймын.

АҚШ асқан қазақтың жай-күйі

2024 жылдың 1 мамырындағы «Отандастар қоры» дерегіне қарағанда, шетелде шамамен 3 млн қазақ тұрып жатыр. Оның 17 мыңы АҚШ-та. Бірақ бұл ресми нақтыланбаған дерек, себебі елден заңсыз асқандар саны әзірге белгісіз.  Жуықтағандағы саны 3.6 мың адам деп көрсетілген. «Жарқын болашақты қалап, жарты жанын елде қалдырған отандастарымыз» екінші мәрте сайланған президенттің саясатына әлі көндіге қоймаған сынды. Тек Америкаға көрші елдердің мигранттары қайтып жатыр.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі қандастарымызға үндеу жолдады. Егер кез келген мигрант өз еркімен депортацияланудан бас тартқан жағдайда, Америка билігі күніне $998 айыппұл салады. Елге келуіне шектеу қояды. Сонымен қатар CBP Home қосымшасы арқылы елге оралмаса, $1000-5000 арасында айыппұл салынады. Сондықтан Қазақстанның Америкадағы елшілігі азаматтарымызға үндеу жолдап, өз еркімен депортациялау процесіне жүгінуді ұсынады.

 АҚШ-та жүрген қазақстандықтар арасында F1 (студенттік), J1 (алмасу бағдарламасы), H1B (жұмыс визасы) сынды визамен жүргендер көп. Алайда Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы шектеу күшейіп келеді. Бұл әсіресе шетелдік студенттерге байланысты. Трамп Гарвард университетін «қаржыдан қысып», шетелдіктердің білім алуына шектеу қойды. Биыл жоғарғы оқу орнының жылдағы көрсеткіштен кері кетіп, 30%-ға аз шетелдік талапкер қабылдағаны анықталды. Бұл үрдіс тек элиталық оқу орындарымен шектелмей, жалпы АҚШ-тағы академиялық ортаны өзгертті. Көптеген қазақстандықтың жоспарын бүлдірді.

Америка көп жыл бойы шексіз мүмкіндік мекені ретінде аталды. Алайда кейінгі өзгерістер, әсіресе Трамп әкімшілігінің көші-қон мен білім саясатына енгізген шектеулері елдің бейнесін құбылтты. Cарапшылар «АҚШ бұрынғыдай ашық әрі инклюзивті күйінді қала ма?» деген сұрақ төңірегінде ой қозғап жатыр. Мұндай шешім білім алу үшін Америкаға барған студенттер, жұмысқа жегілген мигранттар үшін ғана емес, елдің өзі үшін де қауіпті. Себебі елдің интеллектуалды капиталы кеміп, алуан түрлі көзқарастан мен мәдениет мәйегі бұзылады, билікке күмәнмен қарайтындардың қатары көбейеді.  Трамптың «өз еркімен депортациялану» сынды бастамалары, бір қарағанда, жүйені реттеу сипатында көрінуі мүмкін. Зерттеушілер үрдіске өзгеше зер салып,  «Америкадағы гуманизмді жығу, сан қилы идеологияны қирату белгілі» екеніне сендіреді.

Мөлдір Түктібай

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

журналистика факультетінің 2-курс студенті