Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың інісі Марат Тұрлыханов банкрот болды. Оның мемлекетке берешегі — 13,5 млрд теңге.

Қазақстан Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыхановтың інісі, 54 жастағы Марат Тұрлыханов есімі бакроттар тізіміне енді. Ол сот арқылы банкрот деп танылған. Тоғызыншы қаңтарда аяқталған соттың шешімі 22 cәуірде өз күшіне енген.

NRG_Monitor телеграм-арнасының жазуына қарағанда,  Марат Тұрлыхановтың берешегіне  «Тас Май Рисорсиз» компаниясының қатысы бар.
Мұнымен қоса, депутаттың інісі 2006 жылы осы компания атынан мұнай мен газды барлау және өндіру құқығын алып, алғашқы жұмыстарды бастау үшін «Казкоммерцбанк»-тен 42,3 млн доллар көлемінде несие желісін рәсімдеген.

Алайда 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін жағдай нашарлап, компания өз қарызын қайтара алмай қалды. Несие бойынша талап ету құқығы алдымен БТА Банкіне, кейін «Проблемалық кредиттер қорына» өтті. 2023 жылы «Тас Май Рисорсиз» банкрот деп танылды.

Сот шешіміне назар салсақ, Марат Тұрлыхановтың банкрот деп танылғанын, оған жаңа қарыз алуға және елден шығуға тыйым салынғанын байқауға болады.