Белгілі ментор-педагог Бақытгүл Нұржанқызы әлеуметтік медиа алаңында «Қазақ психологиялық қоғамы» бірлестігінің мүшесі, белді психолог, әлемге танылған «Қобыз терапиясының» бастамашысы болған Балжан Қанапияевамен сұхбат құрды. Желіде жалғасқан сұхбатта қос маман оқытушы тұлғасын орнықтыру, ақпарат тасқыны кезіндегі қам-қарекет және мұғалімнің менталды денсаулығын нығайту жолдары жайлы ой алысып, пікір алмасты.

Ментор-педагог Бақытгүл Нұржанқызы оқырманды өз ісінің шеберіне айналған үздік кадрлармен, белгілі сарапшы және озық ойлы тұлғаға айналған қоғамдық пікір жетекшілерімен табыстырып жүр. Өз бастамасын даму мен үздіксіз ізденісті көздейтіндердің жайлы ортасына бағыттаған педагог кезекті эфирін менталды саулықты сақтау мәселесіне арнады.

Күн сайын сан түрлі эмоцияны сезініп, зияткерлік міндеттерді орындайтын мұғалімдерге өзінің менталды, физикалық саулығының сақшысы болу өте маңызды. «Педдаму» тобында қызу рефлексия жүріп жатыр. Мұғалімдерге күн сайын психологиялық, менталды жүктеме, салмақ түсетінін талқылауда» — деп жазды маман. 

Кезекті эфирде ментор-педагог Бақытгүл Нұржанқызы қазіргі ақпарат қоғамының ашықтығы, алуан түрлі контентердің адам санасын тұмшалауы, қажетсіз мәліметтердің артуы жайлы сөз бастап, оқырманға клиникалық психолог маман,  бірнеше емдеу әдістерінің авторы Балжан Қанапияеваны таныстырды. Сұхбат беташарында:

— Қазіргі ақпарат ағыны аса қарқынды. Бұл бәрімізге әсер етіп жатыр. Соның ішінде мұғалімдерге де  кесірін тигізіп жатқаны байқалады. Ал осы ақпарат қоғамына жұтылып кетпеу жолында жеке саулығымызды одан әрі нығайту әрі менталды денсаулықты қорғау, сақтаудың маңызы өте зор — деп нақтылады Бақытгүл Нұржанқызы.

Эфирге қосылған Балжан Қанапияеваға маңызды сауалдар қойып, өзі құрған авторлық терапиясы жайлы сұрады. Қазақстан кеңістігі ғана емес, мұхиттың арғы бетін жайлаған Америка да қызығушылық танытқанын терапиялық емдеу әдісіне назар аудартты. Сонымен қатар ұлттық терапияға түрлі пікірдің белең алғанын баяндап, маманның кәсіби әрі құнды дерек бөлісуіне мұнындық болды:

— Көбіңіз Америкадағы жетістігім жайлы жиі айтасыздар. Бәрі қалай басталды? Не түрткі болды? Бұл сауалдар төңірегінде сіздерге ашып айтайын. Мен 2016 жылдан бері қазақтың ұлттық музыка аспаптарын дәріптеуді қолға алдым. Жетіген, домбыра, қобыз аспаптары мені ұзақ уақыт бойы ізденуге бағыттап, алға қойған мақсатыма жетуге жол ашты. Әсіресе, қобыз аспабы. Өздеріңіз білетін дана Қожа Ахмет Яссаудің қобыз туралы айтқан керемет сөзі бар. Бабамыз «Дүниеде екі керемет зат бар. Біріншісі — Құран кітабы болса, екіншісі — қобыз. Қобыз арқылы теріс аққан суды оңға қарай бағыттауға болады» деген. Ұлттық таныммен зер салар болсақ, мұны ғылыми тұжырымдама деп айтуға да келеді.

«Сол уақыттарда қобыз аспабы адамдарға қандай пайда әкелді?», Олар неге қобыз аспабына табынды?» Өйткені біздің ата-бабаларымыз тәңіршіл болып, қобыз аспабын психологиялық ем ретінде қолданды. Сол кездің психологі — бақсы болды. Ол адамның жанын да, тәнін де қобыз аспабы арқылы емдеді, — деп жауап берді маман.

Кейіннен педагог Балжан Қанапияевадан психология саласына қалай аяқ басқанын сұрап, клиникалық психология ілімінде індете қарастырылатын менталды денсаулық мәселесін ашып айтуын өтінді:

— Алты жыл бойы мақалалар жаздым. Байқағаным, біздегі қобыз аспабы туралы зерттеулер жалпылама жазылған. Бірақ, іс жүзінде, ғылыми-клиникалық бағытта бұл тақырыпты қаузаған адам өте аз. Меніңше, қобызды нақты зерттеген бір маман болған. Ол кісінің өзі қобызды жеке практикасына ғана қолданған.

Біз 2023 жылдың 10 қыркүйегінде, Қосшы қаласындағы емханада «Қобыз терапиясын» іске қостық. Алғаш болып. Терапия түрлі ем қабылдап жатқан 150-ге жуық пациентке қолданыла бастады. Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, емделушілердің 90 пайызына оң әсер етті. Десе де,  біздің елде музыка-терапевт мамандар жоқ. Бір өкінерлігі, мамандарды дайындайтын оқу орны құрылмаған. Кез келген аспаптың  адам денсаулығына белгілі бір дәрежеде пайдасы болады. Менің мақсатым — қасиетті қобыз аспабын әлемге таныту, клиникалық жағынан менталды денсаулығымызға пайдасын, ерекшелігін насихаттау, өз қоғамымызда кәдеге жарату, — деді Балжан Қанапияева.

Сұхбат үстінде Бақытгүл Нұржанқызы қонағына ықылас танытты. Қасиетті қобызды, өзі сүйген ұлттық құндылық негіздерін зерттеу нысанына айналдырып, ғылыммен шебер ұштастырып жүргеніне алғыс айтты. Сондай-ақ клиника психологиясы мамандығына қалай аяқ басқаны туралы сұрады:

— Бала кезден түрлі ойын ойнайтынмын.  Кішкенеден таумен тілдесетінмін, суға сырымды ақтаратынмын. Мұның бәрін Дейл Карнегидің сөзінмен түсіндіруге болады. «Балаңыздың болашағын көргіңіз келсе, балаңыздың не ойнайтынына мән беріңіз» дейді ол. Мені де бала күнгі әрекетім осы мамандыққа жетелеген шығар.  Ең алғаш адам денесіндегі қалдар туралы жаздым. Адам денесіндегі қалға қарап психологиялық автопортретін беру, мінездемесін жасау жайына қанықтым, — деді психолог.

Эфир тізгіншісі маманға: «Бүгінгі ақпаратты сұрыптай алмасақ, өмір сүру салтымызға кері әсерін тигізуі мүмкін. Осындай кезеңде мұғалімдер өз бағытынан таймас үшін, миын бос, қажетсіз ақпараттан сақтау, қорғау үшін қандай профилактиканы білуі қажет?» — деп сауал қойды.

— Менталды денсаулықтың нақты үш аспектісі болады: психологиялық байлық, эмоционалды байлық, әлеуметтік бақыт. Кез келген тұлға осы үш бақытпен жұмыс істейтін болса, ол адамның тәні де, жаны да тұрақты баланста өмір сүреді. Фараби бабамыз айтқандай, «Адамның мінезі де дене температурасы секілді қатты ыстық та, суық та болмау керек. Яғни орта температура болған кезде адамның жаны да, тәні де ауырмайды».

Қазір адамның өзін жақсы көруі жайлы көп айтылады. Адам өзін қабылдамаса, ешқашан да өзін жақсы көре алмайды. Өз кемшілігін қабылдаған адам — өзін жақсы көретін адам. Біз «адам өзін жақсы көруге тиіс» деген тұжырымда қалып қойдық. Өзін жақсы көрген адам сәбидің күлкісінен, құстың сайрағанынан, сылдырап аққан судан рахат таба алады. Бұл эгомен де тығыз байланысты. Әдетте, толысқан адамның эгосы жүрегінде болады. Тәрбиелі, білімді, шыншыл, ақиқатқа көзі жететін, барлығымен пікірталас жасап, қорытындыға келетін адам, — деп жауап берді  Балжан Қанапияева.

Сонымен қатар, ментор-педагог өз тәжірибесін ортаға салып, мұғалімдермен жұмыс істеу барысында байқаған проблемаларды ашып айтты. Эфир қонағымен бірге мұғалімдер бойындағы сенімсіздіктің себептеріне үңілді. Педагогтың өз-өзіне деген сенімсіздігін жоюға қатысты сұрағына психолог маман:

 — Адамды үнемі алға жетелеп отыратын дүние — адамның қиялы. «Мен осыны жүзеге асырғым келеді, мен соны армандаймын» деген қиял болу керек, — деп жауап берді.

Белгілі ментор-педагог Бақытгүл Нұржанқызының айтуына қарағанда, мұғалім өз мамандығын сүйіп, жаны қалап, тереңдете зерттеп, өз ісінің шебері болуға ұмтылса әрі сапалы маман болса, шәкіртін білікті қылып тәрбиелеуге ниеттенсе, ұлттың болашақ саулығы қалыптаспақ. Осы орайда ментор эфир қонағына «Бізде біреуге кінә арту, дайын дүниеге ұмтылу басым. Мұғалім өзінің кәсіби жұмысын жоспарлай алса, менталды денсаулығына жағымды әсер ете ала ма?» деген сауал қойды:

— Егер күнделікті жұмыс тәртібі болмаса, адамның бір күнгі өмірі суға ағып кеткенмен тең. Күн тәртібі болған адам өзінің жұмысынан рахат ала алады. Болашағыңды көргің келсе, бүгінгі күніңе қара деген сөз бар. Күнделікті ой-санамыз маңызды екенін еске саламын, — деп жауап берді клиникалық психолог.

Сонымен қатар белгілі педагог-ментор мен клиникалық психолог мамандары оқырманға «бала позициясында қалғандар» мен «есейгендер» жайлы мағлұмат беріп, тұлғалық даму ерекшеліктері турасында кеңінен толғады. Есейген тұлғалардың ізденгіш келетінін, рухының биік, жанының таза болатынын атады. Бала кездедегі проблемалардың тұлға дамуына кедергі келтіретінін санамалап айтып, ғылыми тұрғыда жіліктеді. Тыңдарман қауыммен тілдесіп, баршаны менталдық денсаулығын сақтауға шақырды.

Тікелей эфирға қатысқан оқырман қауым белгілі ментор-педагог Бақытгүл Нұржанқызына алғыс айып, ақжарма тілегін де жолдап жатыр:

— Бақытгүл ханым, мына өткізген эфир қатты ұнады. Біз көп мән бермейтін, бірақ күнделікті өздігінен жүзеге асырылып жатқан дүниелер туралы айтылғаны, қозғалған мәселенің бәрі орынды екеніне көз жеткіздім. Менталды саулық барлық адамда болуы керек. Көбіне «бақытты анадан бақытты бала туады, немесе бала бақытты болуы үшін ана бақытты болуы керек » деп көп айтамын. Балжан ханымның сөзімен келісемін. Әр адамның көңілі бұрып тұратын, көңілін көтеретін, жанын рахатқа кенелтетін өз әлемі болуы керек. Негізінен өзіне фокус қойған адамда, басқа нәрсеге уақыты да болмайды. Өзін дамытқан сайын ,адамның айналасындағы жүйкесін тоздыратын жағдайларға басқаша көзқараспен, түсушілікпен және бәріне өзіндік позициясы мен дәлел (ақтап шығу) келтіруімен қарайтындығына себепшімін. Өскен сайын (бұл жерде үлкейгендікті білдірмейді) әр жағдайдың жақсы тұстарын көруге тырысасың.Бүгінгі эфирден түйген ойым осындай болды. Барлығымызға сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз оң нәтижесін бере берсін. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы болады деген бар.Біздерге де Сіздің жолыңызды берсін;

— Қайырлы кеш! Бахтыгүл ханым, өте құнды, мағыналы эфир үшін көп көп рақмет сізге! Менталды саулығымызды күту, ең маңызды екенін түсіндім. Адам қандай жағдайда болсада тұрақтылықты ұстай отырып, өз эмоциясын тұрақты түрде басқара алуы. Өзінің қалаған ісін жасау арқылы да менталды саулығын күте алатын білдік. Негізі әркімнің бір хоббиі болады ғой соны жаны қалап жасаса ол іс сәтті, әрі көңіл-күйі көтеріңкі болатыны осының дәлелі екен. Осы эфирден кейін өз менталды саулығыма тұрақты түрде көңіл бөлуге тырысамын, — деп жазды оқырман.