Біздің еріктілеріміз Ермек Дүйсенханов пен Арман Сатимов Қазақстан бойынша 17 күндік автосапарға шығып, қан донорлығын насихаттап жүр. Әр қалада олар қан тапсырудың маңызы туралы шағын дәрістер өткізіп, ақпараттық материалдар таратып, тұрғындармен және БАҚ өкілдерімен кездеседі.

Маршрут ірі қалаларды да, шалғай ауылдарды да қамтиды, себебі донорлық әрбір адамға қолжетімді болуы керек.

Жобаға алты облыстың әкімдіктері қолдау білдірді. Қан орталығының логотипі бар автокөлікпен еріктілер Астана, Қостанай, Хромтау, Ақтөбе қалаларынан өтіп, Ақтауға жетті.

Сонымен қатар амбассадорлар экология, табиғатты сақтау, ауылдық аумақтарды дамыту және тарихи мұраны қорғау тақырыптарын көтеруде.

«Мұндай бастамалар — бұл жай ғана донорлықты ілгерілету емес, қоғамда қамқорлық, жанашырлық және өзара көмек мәдениетін қалыптастыруға қосылған үлес. Біз өз еріктілерімізбен мақтанамыз!», — дейді Қан орталығы басқарма төрайымы Сания Абдрахманова.

Дәрістерден кейін еріктілер қазақстандықтармен бірге автокөліктегі Қан орталығының логотипінің айналасына қызыл нүктелер жапсырады. Қазіргі таңда ондай нүктелер бірнеше ондағанға жетті және саны күннен-күнге артып келеді. Бұл дегеніміз  — донорлық туралы білетін адамдар көбейіп жатыр.

«Адам донор болған кезде өзін қажет әрі маңызды сезінеді. Өзінен көп нәрсе байланысты екенін түсіне бастайды және біртіндеп қоғамдық өмірдің басқа да салаларына араласады. Донор — бұл жүйе онсыз жұмыс істей алмайтын адам. Бір жерде біреуге дәл сол адамның қаны өмір сыйлауы мүмкін», — дейді Қан орталығының ерікті-амбассадоры Арман Сатимов.