Telegram мессенджерінің Илон Масктан қаржы алатыны хабарланды. Павел Дуровтың жазуына қарағанда, xAI стартабы хат-хабар желісіне  300 миллион доллар береді.

Сонымен қатар Дуров өз жазбасында компаниялардың бір жылға серіктестік орнатқанын айтты. Илон Маск тобы Grok чат-ботын Telegram қолданушыларына таратуды көздеген:

«Telegram және xAI бір миллиардтан астам Telegram қолданушысына Grok чат-ботын тарату және оны өз қосымшаларына интеграциялау үшін бір жылға келісімге келді. Telegram xAI-дан 300 миллион доллар көлемінде қолма-қол қаражат пен акционерлік капитал, сондай-ақ Telegram арқылы сатылатын xAI жазылымдарынан 50% табыс алады. Біз бірге жеңіске жетеміз», – деп жазды Дуров.

Орайы келгенде айта кетейік, Telegram әлемдегі ең танымал екінші мессенджер атанды. Бұл туралы қосымшаның негізін қалаушы Павел Дуров хабарлады. 2024 жылы Telegram 547 млн доллар пайда тапты.