Елді 2018 жылы трамваймен таситынын айтқан. «Астана LRT»-нің бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұсталды

Түркияның Анталья қаласында «Астана LRT» кешенінің бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұсталды.
Талғат Ардан ісін сот 9 мамырда қарап, Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдаған. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауына қарағанда, қазір «Астана LRT» кешенінің бұрынғы басшысы қамауда отыр.
Комитет мәліметіне қарағанда, Түркия Республикасының құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізген:
2019 жылғы қыркүйекте ҚР Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген болатын. Осыған байланысты Түркия Республикасының құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізген. Биыл ҰҚК оның нақты болған жерін анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары Анталья қаласында ұстады, — делінген мәліметте.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ардан Талған 9 жылға дейін ұрлық пен сыбайлас жемқорлық үшін сырттай сотталған еді.
Талғат Ардан жайлы не білеміз?
Талғат Ардан 2017 жылы «Астана LRT» ЖШС бас директоры қызметінен босатылды. Аталмыш лауазымға 2014 жылы тағайындалған. Бұған дейін елорданың Жолаушылар көлігі басқармасында жұмыс істеген.
«Жас Алаш» басылымының жазғанына қарағанда, Ардан елордада Iveco маркалы жаңа автобустарды таныстырған тұлғалардың бірі болды. Сол кезде бір автобустың бағасы шамамен 270 мың доллар тұратыны айтылған. Ардан олардың заманауи қауіпсіздік, бейнебақылау, ақпараттандыру, диспетчерлік жүйелермен толық жабдықталғанын, сондай-ақ әлеуметтік осал және қозғалысы шектеулі жандар үшін ыңғайлы екенін атап өткен еді.
2015 жылы оның бастамасымен түнгі автобус бағыттарын іске қосу ұсынылған болатын – кешкі 23:00-ден таңғы 05:00-ге дейін. Ол кезде Ардан: «Жақын арада қоғамдық көлікпен жүрудің жаңа мәдениеті мен өзіндік тренді пайда болуы мүмкін», – деген пікір білдірген.
2014 жылдың сәуірінде Ардан елордада ақылды бағдаршамдар орнатуға 22 миллиард теңге бөлінетінін хабарлаған. Ол кезде тұрғындарға жұмысқа небәрі 20 минутта жету мүмкін болады деп уәде етілген.
2016 жылы ол LRT жобасы жайлы кеңінен айтып, жеңіл рельсті трамвайлар 2018 жылы іске қосылады деп мәлімдеген.
Ал 2017 жылдың ақпанында елорда әкімі Әсет Исекешев вокзал маңындағы тұрақтағы кептелістерге байланысты Талғат Арданға сөгіс жариялады. Әкім тұрақ жұмысын тексеруге өзі барған кезде көлік тығыны мен тәртіпсіздікті көріп, бұл мәселені шешуді тапсырған.
Сол жылдың шілдесінде Талғат Ардан қызметінен босатылды. Жаңа басшылық келген соң компания бірқатар келісімшарттардың орындалмағаны үшін сот істеріне тартылғанын хабарлады.