Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы кітап оқу мәдениетін насихатаудың жалаң ұран емес, нақты қадамға құрылуы керек екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстанда  «Кітап астанасын» белгілеуді ұсынды.
Депутат Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа сауал жолдады. Өз сөзінде кітап оқу мәдениетінің мәні мен маңызына тоқталып, жыл сайын еліміздегі бір қаланы «Кітап астанасы» ретінде жариялауды ұсынды:

«Президентіміз кітапты – мәдениетіміз бен болашағымызды қалыптастыратын құрал деп бағалады. Ұлттық құрылтайда ұлттық кітап күнін белгілеуді тапсырды. Осыған байланысты жыл сайын еліміздегі бір қаланы «Қазақстанның кітап астанасы» деп жариялау маңызды деп есептеймін», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутаттың сөзіне қарағанда, «Кітап астанасы» мәртебесіне ие болған қалада бір жыл бойы әдебиет пен кітап оқу мәдениеті насихатталып, арнаулы іс-шаралар өтуге тиіс:

«Бұл мәртебе берілген қалада кітап оқуды дәріптеу, әдебиетті дамыту, авторлық құқықты қорғау және мәдениет саласына қолдау көрсету мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуі керек», – деді депутат.

Бір айта кетерлігі, Жарқынбек Амантайұлы ұсыныс басында халықаралық тәжірибеге де назар аударды.  Депутат ЮНЕСКО-ның 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай жыл сайын бір қаланы «Дүниежүзілік кітап астанасы» ретінде таңдауы – үлгі боларлық тәжірибе екенін атады. Сондай-ақ, депутат бұл жобаны Ұлттық кітап күнімен үйлестіріп, біртұтас мәдени-рухани платформа ретінде дамытуды ұсынды.

«Мадрид, Александрия, Нью-Дели, Монреаль, Рио-де-Жанейро сынды қалалар осы мәртебені иеленіп, әдебиеттің халықаралық орталығына айналды. Қазақстанда да осы тәжірибені енгізу арқылы интеллектуалды ұлт қалыптастыруға үлес қосуға болады… Ұлттық кітап күні мен «Кітап астанасы» бастамасы бір-бірін толықтырып, жастар мен қоғамда кітапқа деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутаттың бастамасы бойынша төмендегідей нақты ұсыныстар берілді:

  • Жыл сайын бір қаланы «Қазақстанның кітап астанасы» ретінде бекіту;

  • Бұл қалада әдебиет пен кітап оқуды дәріптеуге арналған жылдық жоспар әзірлеу;

  • Жобаны Ұлттық кітап күнімен үйлестіру;

  • Жергілікті билік органдарымен бірлесіп, жобаны қаржылай және ұйымдастырушылық тұрғыда қолдау.

Мұнымен қоса алғанда, Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желіде де арнаулы жазба жариялады. Көпшілікті кітап оқуға баулудың, авторлық құқықты қорғаудың, әдебиетті дамытудың ұлттық сананы күшейтуге ықпал етерін айтты:

Интеллектуалды ұлтқа айналамыз, өркениет көшінен қалмаймыз десек, кітап оқу мәдениетін кең насихаттауымыз керек. Науқаншылықпен емес, нақты жобалармен, нәтижелі бастамалармен. Әсіресе, жас буынды кітапқұмарлыққа тәрбиелеу, білімге құштарлығын ояту өте өзекті. Сонымен қатар, қаламгер қауымның еңбегі де лайықты бағаланып, мәртебелерін биіктету қажет. Бүгін осы мәселеге қатысты жаңа бастама көтеріп, Үкіметке ұсыныс жолдадым, — деді депутат.