«Билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос сөз». Президенттің қазақ тіліне қатысты пікірінен кейін мемлекеттік кеңесші жазба жариялады
25.04.2025

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, саясаткер Ерлан Қарин әлеуметтік желіде қазақ тілінің тағдыры мен қолданысы, туған тіл мәртебесі мен болашағына қатысты ой білдірді. Саясаткер қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылуға шақырып, биліктің қазақ тіліне қиянат жасамайтынын жеткізді.
«Билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз» деп жазды мемлекеттік кеңесші:
Кешеден бері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына айналғанын көріп отырмыз. Ой бөліскен, көзқарасты ашық білдірген дұрыс. Бірақ «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді. Ассамблея сессиясында Президент осыны тағы да анық айтты.
Жалпы, қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жетті. Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілі – жастардың тіліне айналды. Жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып, өз бағыттарында барынша дамытып жатыр. Демек «қазақ тілінің болашағы жоқ» деп айту ешқандай қисынға келмейді.
Сонымен қатар, Ерлан Тынымбайұлы туған тілдің беделі мен мәртебесі «ұр да жық» әдіспен өспейтінін қадап айтты:
Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек: мемлекеттік тілдің мәртебесі «ұр да жық» әдіспен өспейді. Қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды. Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды. Және қазіргідей алмағайып заманда мұндай әрекеттер елдегі жағдайға зиянын тигізуі мүмкін. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру нақты жоспармен, жүйелі жұмыспен атқарылады. Сондықтан туған тіліміздің тамырын тереңдету ісін алдағы уақытта да ақыл-парасатпен атқаруға тиіспіз.
Сөз соңында мына дүниені айтқым келеді. Бүгінде елімізде тек қазақ тіліне қатысты ғана емес, жалпы ұлттық бірегейлікті, ұлттық болмысымызды дәріптейтін ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ұлттық мерекеміз Наурыз жаңаша сипат алып, өзгеше аталып жатыр. «Ұлттық киім күнін» қоғам өте жылы қабылдады. Биыл алғаш рет өткен «Ұлттық кітап күні» де халқымызға пайдалы бастаманың бірі болмақ. Осылай бәрі бірте-бірте ретке келеді, — деп жазды саясаткер.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ХХХІV сессиясында қазақ тілі мәселесін көтерген еді.
«Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады. Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады», – деді президент.