АҚШ-тан өз еркімен кеткен заңсыз иммигранттар қомақты қаржы алады

АҚШ-тан өз еркімен кеткен заңсыз иммигранттар қомақты қаржы алады. Оларға CBP Home қолданбасы арқылы 1000 доллар төленеді.Бұл жайлы Вашингтонның ішкі қауіпсіздік департаменті хабарлады.
Президент Дональд Трамптың әкімшілігі жаңа бағдарламаны іске қосып жатыр. Бағдарлама заңсыз иммигранттарды «өз еркімен өзін-өзі депортациялау» механизмінен тұрады.
Бағдарлама арқылы АҚШ-та заңсыз тұрып жатқан мигранттар отанына оралу үшін қаржылық және ұйымдастырушылық көмек ала алады, – деп хабарлады Вашингтондағы АҚШ ішкі қауіпсіздік департаменті.
Көмек шәкіртақы есебінде төленеді
Америка Құрама Штаттарындағы кез келген құжатсыз иммигрант CBP Home қолданбасын есеп беру үшін пайдаланбақ. Агенттік мұның шәкіртақы табыстау тәртібі секілді жүзеге асатынын айтты. АҚШ аумағынан алыстағандар 1000 АҚШ доллар көлемінде стипендия алады. Стипендия мигранттардың өз еліне оралғанын растағаннан кейін төленеді.
Өзін-өзі депортациялаудың анықтамасы да мәлім болды. Анықтамада: «құжатсыз иммигранттарға иммиграция және кедендік бақылау органдарымен бетпе-бет келмеуге мүмкіндік беретін Құрама Штаттардан кетудің құрметті жолы» делінген.
Ұлттық қауіпсіздік министрі Кристи Ноем заңсыз жүргендер үшін мұның ең тиімді тәсіл екенін айтты:
Егер сіз мұнда заңсыз болсаңыз, өзін-өзі депортациялау қамауға алынбау үшін Құрама Штаттардан кетудің ең жақсы, қауіпсіз және үнемді жолы, — деді.
Елден кеткен мигранттардың болашақта заңды түрде қайта орала алатыны да айтылды.
Еске сала кетейік, заңсыз иммиграциямен күресу Трамптың 2024 жылғы сайлау науқаны кезіндегі басты уәделерінің бірі болды. Washington Post газеті Трамптың бір жылда АҚШ-тан миллиондаған мигрантты депортациялауды жоспарлап отырғанын жазды.
АҚШ билігі депортациялау туралы сот шешімі бар шетелдік азаматтарды АҚШ-тан өз еркімен кетуге шақырды. Ол үшін олардан үйге қайту процесін жеңілдететін CBP Home мобильді қосымшасын пайдалану ұсынылды.
Сәуір айының соңында заңсыз көші-қонға бақылауды күшейту аясында бір топ қазақстандық АҚШ-тан Өзбекстанға депортацияланған болатын.