АҚШ Орта Азияға көз тігіп, аймақтағы сирек кездесетін минералдарға құныға бастады

фото: cabar.asia
АҚШ ендігіде өзінің «минералдар портфолиосын» толықтырып, қосымша нұсқаларды қарастыруға тиіс. Американың көзіне түскен жаңа аймақтардың бірі Орталық Азия болуы мүмкін. Бұл туралы АҚШ-тың National Interest медиасында айтылды.
Каспий саясаты орталығы мен халықаралық салық және инвестиция орталығы жаңа есеп жариялады. Есепке назар салсаңыз, онда Орта Азияға ерекше тоқталған, аймақта сирек кездесетін минералдардың едәуір бөлігі бар екені шегенделген. Баспасөздің жазуына қарағанда, АҚШ осындай ресурстарға қол жеткізуді көздейді, сондықтан Қазақстанмен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен, Түрікменстанмен және Өзбекстанмен тығыз байланыс орнатуға күш салады.
Америкалық медиа Орталық Азия елдері мен АҚШ байланысының нығайып келе жатқанын айтады. Президент Джо Байденнің 2023 жылдың қыркүйегінде Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларымен кездескенін еске салады. Талқылау барысында аса маңызды минералдарға құлықты екенін атағанын да айғақтайды.
Орайы келгенде айта кетейік, 2025 жылдың ақпан айында Қанат Шарлапаев Қазақстанның АҚШ, Еуропа және Қытайға сирек кездесетін металл кен орындарын ұсынатынын айтқан. Осы елдердің компаниялары республикада өткізілетін аукциондарға қатысып, сирек кездесетін металдарға ие қазақстандық кен орындары құқығын сатып алуға мүмкіндік алған.
Күні кеше, 2025 жылдың 1 мамырында, АҚШ пен Украина ортақ келісімге келді. Нәтижесінде, Америка Украинаның ресурстарына ортақтасатын болды. Келісім АҚШ-қа Украинаның табиғи ресурстарын еркін пайдалануға, соның ішінде алюминий, графит, мұнай және табиғи газды игеруге арналған жаңа инвестициялық жобалар жүргізуге жол ашып берді.