«Күдіктілер күзетіліп жатыр». Талғар ауданында тағы да атыс болды

Алматы облысы, Талғар ауданы болған атыс туралы тың дерек шықты.
Қазақ телеграф агенттігі Талғарда болған атыс жайлы жазды:
«2025 жылдың 12 сәуір күні Бесағаш ауылында өткен үйлену тойында екі қонақ жанжалдасты. Олардың бірінің ағасы бауырына жақтасып, қарсыласын жарақаттаған. Жарақат салдарынан қарсыласы есінен танған. Осыдан кейін жанжал тоқтаған. Кейін, 2025 жылдың 13 сәуірі күні екі тарап қайта текетіресіп, сайлаған қаруын қынына қайта салып, татуласқан. Кешқұрым топтағылардың бірі Қарабұлақ ауылында көлікпен кетіп бара жатқан кезде қарсы тараптың екі азаматын кездестірген. Кездесу үстінде жанжал қайта өршіп, жолаушы соққыға жығылған».
Бұған қатысты қоғам белсенділері де пікір білдірген:
«Талғарда жаппай атыс, жапа шеккендер бар. ІІМ қашан тәртіп орнатады?»,- деп жазды бұрынғы депутат Мұрат Әбенов фейсбуктегі парақшасында.
Полиция мәліметіне қарағанда, бұл оқиғаға қатысқан барлық адамдар анықталған. Қылмыс жасады-ау деген күдікке іліккен төрт азамат жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. Тағы бір адам изоляторға қамалды. Әлі де іздестіріліп жатқан қатысушылар бар.
«Аталған факт бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталды. Ауруханаға жеткізілген төрт күдікті күзетіліп жатыр. Бір адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іздестіру шаралары жалғасып жатыр», – деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Кейбір телеграм-арналарда атысқа қатысы бар деген төрт күдіктінің аты-жөндері тарады. Ескерте кетейік, оқиға Талғардағы мейрамханалардың біріндегі үйлену тойында болды деген нұсқаны полиция жоққа шығарды.
БАҚ хабарлауынша, Талғар аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруде 24-баптың 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-баптың 2-бөлігінің 9-тармағы (Кісі өлтіру), сондай-ақ ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігіне (бұзақылық) сүйенген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тараптардың бірі Mercedes және Toyota маркалы автомобильдерді пайдаланғаны анықталды.
Қазір оқиға орнын тексеру жалғасып жатыр, тінту жүргізіліп, басқа да күдікке ілінген азаматтарды ұстау бойынша амалдар жасалып жатыр.