27 сәуір күні Астанада Назым Жанғазинованың алғашқы кітабы — «Частная жизнь» көптен күткен таныстырылымы өтті. Бұл шығарма қазірдің өзінде оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырып үлгерді.

Кітап күнделікті күйбең тіршіліктің көлеңкесінде қалып қойған әйелдердің нәзік те әлсіз ішкі болмысына үңілуге мүмкіндік береді.

«Частная жизнь» — Саида, Анар, Әнипа, Динара және басқа да кейіпкерлердің оқиғаларынан құралған жинақ. Әрқайсысы өзіне тән шынайы болмысты — қайғы, үміт, арман мен жоғалтуларға толы әлемді ашады. Сонымен қатар олардың бәрін әлеуметтік мәртебесіне немесе өмірлік жағдайына қарамастан, сырт көзге көрінбейтін, терең ішкі дүние біріктіреді. Мұны біз сирек назар аударатын әлем десек те болады.

Назым Жанғазинова қаламының бір ерекшелігі сол, ол ешқандай айыптауға немесе ақтауға жол бермейді. Ол хирургиялық дәлдікпен әрі әдеби нәзіктікпен алып-ұшқан көңілдер мен аласарған үмітті, сән-салтанат пен күйреген армандарды, бөтен ойлар мен жеке бастың қайғы-қасіретін шебер суреттейді. Әрбір қысқа бөлімде біз байқамайтын «жеке өмірдің» қандайда бір бөлшегі алдыңыздан шыға береді.

«Частная жизнь» — жай ғана проза емес. Бұл — оқырман үңілетін айна. Бұл — ақырындап естіле бастаған төзімі терең әйел үні.

Кітап сатылымға түсті. «Частная жизнь» кітабын оқи отырып, бәлкім, өз айналаңыздағы адамдарға басқа көзбен қарай бастарсыз.