«Қолына қару ұстай алмайтын жастар көп». Депутаттар миллиондаған жауынгер дайындаудың жолын ұсынды

Қорғаныс министрлігі әскери борышын абыроймен өтейтін азаматтардың азайып келе жатқанына шағымданды. Ендігіде Үкімет пен Парламент орта білім ордаларында әскери білім беру ісін жолға қойып, миллиондаған жауынгер дайындауға ден қоятын болады.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуына қарағанда, Қазақстанда бір ғана 2024 жылы әскери міндеті бар, яғни, 18–27 жас аралығындағы ер азаматтардың саны 1 миллион 221 мың адамнан асқан екен. Бұл – жер қайыстырған қалың қол.
«Қорғаныс министрлігінің дерегінше, оларға арналған әскердегі орын жыл сайын 40 мың адамды ғана қамтиды. Бұл 2024 жылы әскерге шақырылатын азаматтардың небары 3,28 пайызын құрайды. Ал, қалған 97 пайызы әскерге шақырылмайды деген сөз. Ел шетіне жау тиіп, ел басына күн туатын жағдай болса, не әскери тәртіпті білмейтін, не қолына қару ұстай алмайтын жастарымыз қандай жағдайда қалуы мүмкін деген ой мені мазалайды. Өйткені олар қарудан дәлдеп атуды білмейді, заманауи әскери қарулардан да, әскери тәртіптен де хабарлары жоқ», – деді мәжілісмен.
Депутат Наталья Дементьева жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің басты буындарының бірі – мектептердегі «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні екенін қаперге салды. Бірақ аталмыш бағыттағы білім беру әрі әскери машық қалыптастыру ісінің заман талабына сай келмейтінін де атаған:
«Оқытудың сапасына да қатысты сұрақтар бар. Қазіргі уақытта алғашқы әскери дайындық мұғалімдері жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары аясында дайындалуда. Көбінесе алғашқы әскери дайындықты әскери қызмет тәжірибесі жоқ мұғалімдер жүргізеді. Сондықтан геосаясат ұшынып тұрған алмағайып заманда енді қалыптасқан жағдайды жақсартуға бағытталған пәрменді шаралар қабылдануы қажет. «Алғашқы әскери және техникалық дайындық» пәні кабинеттерінің жағдайын жақсартуымыз қажет», – деді Наталья Дементьева.
Оның әріптесі Айгүл Құспан Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын талқылау кезінде бұл мәселе де пысықталғанын жеткізді.
«Біз мектептеріміздегі патриоттық тәрбие мен әскери дайындық сапасын жан-жақты талқылағанбыз. Оған «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің мұғалімдері де қатысты. Қазіргі уақытта бұл пәнді әскери борышын өтемеген, арнайы дайындығы жоқ, тіпті әскери қызметке ешқандай қатысы жоқ мұғалімдер оқытады», – деп шынын айтты Мәжіліс депутаты.
Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспанның дерегінше, қазіргі кезде еліміздегі 5,4 мың мектепте және 772 колледжде алғашқы әскери дайындық сабақтары өтеді.
Жалпы, бұл пән бойынша оқу жылында қыздар – 68 сағат, ұлдар – 98 сағат бойы әскери дайындықтан және оқытудан өтуі қажет.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев мектептерде жауынгерлерді даярлауға 10-шы емес, 7-ші сыныптан бастап кірісуді ұсынды. Байырғы замандардан бері қазақ елінде бозбалалар осы жастан бастап, бес қаруды шебер меңгеруге міндетті болған.
«Қазақта «Он үште отау иесі» дейді. Бұл жаста балалық аяқталып, ересек өмір басталады. Бала үйге иелік етудің, Отанға қорған болудың жауапкершілігін түсіне бастайды, жаман мен жақсыны айырады. Бұл кезде психикасы қалыптаса бастайды. Ендеше неге біз осы кезеңді тиімді пайдаланбаймыз? Неге бізде алғашқы әскери дайындық сабақтары 10-сыныптан басталады? Бұл 16 жас. Қаталдыққа, тәрбиеге, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелейтін сабақты біз балиғат жасынан бастауға тиіспіз. Оған кедергі жоқ», – деді мәжілісмен.
Ол да өңірлерді аралағанда, депутаттардың мектептерде «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні мұғалімдерімен кездесіп, тілдескенін алға тартты.
«Олар: «Біз мектепаралық жарыстарды жылына бір рет, яғни, мамыр айында ғана өткіземіз, неге оны үш-төрт өткізбеске?» дейді. Сонда бәсекелестік, қызығушылық пайда болатын еді. Мұны жылына кем дегенде төрт рет өткізуге болады. Әскери-дала оқу жаттығуларын да жиірек жүргізуге болады», – деді Баққожаев.