Elorda media group

«Сағыныш ғұмыр» сазы. Астанада белгілі ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықованың ерекше кеші өтті

Сыршыл ән, ойшыл болмысымен елінің рухани айдынына құнар сепкен белгілі ақын, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова биыл мерейлі 55 жасты еңсерді. Ажарлы күн, айтулы мерекеге орай ерекше дарын иесінің Астана төрі — «Qazaqstan” орталық концерт залында “Сағыныш ғұмыр” атты шығармашылық кеші өтті.
Әрбір сәулелі сәтінің құшағына сезім ұялап, тереңдік пен сыршылдық өрнек салған кеш тыңдарман қауымның жүрегін тербеп, көңіл пернесін дөп басқандай әсер қалдырды. Сыршыл әуен мен сұлу сөз үйлесім тапқан ерекше кешке ақын-жазушылар, сазгердің сүйікті тыңдармандары, қоғам қайраткерлері мен еліміздің түпкір-түпкірінен арнайы қонақтар қатысты.
«Сағыныш ғұмыр» есеп беру кешінде сазгердің 40 жылға жуық халық жүрегінен орын алып, аты аңызға айналған әндері шырқалды. Сахна төрінде «Есіңе мені алғайсың», «Сыр елі», «Көздеріңе ғашықпын», «Маңғыстау», «Айналайын, Ақтөбе», «Менің жалғыз жұлдызым», «Дәрігерлер әні», «Қазақ Елі» сынды елі мен жеріне деген ақын жанының шексіз махаббатынан туған туындылар әуелеп, тыңдарманын бір серпілтіп тастады.
Елена Әбдіхалықова шеберханасынан шыққан әндерде ұлтқа нақышы басым асқақ мінез, арынды ағыс, сыршыл сезім аңғарылып тұрады. Дарын иесінің өзі де сөз бен саз үйлесіміне кәсібилік деңгейде қарайтыны, оның әрбір шығармасынан көрінеді. Мәселен, Елена Әбдіхалықова «Көздеріңе ғашықпын» әнін небәрі 17 жасында жазған. Бірде әнші қолына Ұлықбек Есдәулеттің «Ауыл кеші көңілді» кітабы түседі. Осы кітаптағы «Көздеріңе ғашықпын» әні жүрегін тербетіп, көңіліне қонады. Елена бойжеткен шағында осы өлеңге ән жазып, ол әнді өзі алғаш рет орындайды. Кез келген туындысы секілді «Көздеріңе ғашықпын» әні де ел арасына еркін таралады. Қазақ қызының ақын ретінде де ерекше байламы бар. Қаламгердің «Қарашық» өлеңдер мен әндер жинағы, «Бақыт құсы»,  «Менің жалғыз жұлдызым» атты жыр жинақтары жарық көрген.
Сонымен қатар Елена Әбдіхалықованы шығармашылығына еркін бойлай отырып, оны көп қатарласынан ерекшелейтін бір дүниені де байқадық. Елена Әбдіхалықова тақырыптық әндерді түрленте, төгілте туындатқан жан. “Мұнайшы біздің жігіттер”, “Дәрігерлер әні”, секілді түрлі мамандық иелеріне арналған рухты әндері сөзіміздің жаңсақ емесін аңғартып тұрғандай. Кеште «Қарағанды» әнінің тұсауы кесіліп, алғаш рет орындалды.

“Есіңе мені алғайсың” әнінің дүниеге келуінің өзі — тұнып тұрған тарих. Халыққа кең тараған аталмыш ән нұсқасын әнші-композитор Елена Әбдіхалықова 20 жасында, 1990 жылы жазған. Кейін бұл ән Мәдина Ералиеваның орындауында бүкіл түркі тілдес халыққа тарайды. Бір сұхбатында сазгердің өзі де:

Бұл әнді Қытайдағы, Моңғолиядағы, Түркиядағы қазақтар, керек десеңіз, Ташкент, Бішкектегі ағайындар айтатынын байқадым. Қазір «Есіңе мені алғайсың» менің бір төлқұжатым іспетті әнім болып қалды» – деп нақтылап өткен.

Елордада өткен кешке қазақ эстрадасының танымал өкілдері Светлана Айтбаева, Дәурен Сейітжанов, Аида Байгелова, Арайлым Ыбыраева, Мұратбек Хайролда, Өзгеріс Шерікбай қатысты. Сонымен қатар кеш иесінің қызы, талантты музыкант Шолпан Шарапат өнер көрсетті. Бірнеше әндерін автордың өзі де орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Концертте Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солистері: Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі,  сондай-ақ Абыл Тарақұлы атындағы Маңғыстау филармониясының әншісі — Аида Байгелова, талантты әнші, халықаралық конкурстардың лауреаты Арайлым Ыбыраева өз өнерін ортаға салды.

Жас әнші Нұржас Садырбаев пен Астана Жас көрермендер театры орындауындағы  “Жан ана” ораториясы көрерменді ерекше тебірентті.

Сонымен қатар сазгер сезімінен туған әндердің асқақтауы мен әуелеуіне дем берген режиссер, музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемеров болды. Музыкалық жас көрермен театрының әртістері де әдеби-музыкалық композициямен концерттің басынан аяғына дейін сүйемелдеп, кешке айрықша ажар берді.

Кеш толығымен табиғи дауыста өріліп, белгілі музыкант Әділжан Толықбаевтың жетекшілігінде көпке өнерін паш етіп жүрген “Saz&Soul” тобының сүйемелдеуімен өтті.

Кешке «Қазақстан» ұлттық арнасы ақпараттық қолдау көрсетсе, Қазақстанның еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов, Шыңғыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Гүлшара Наушақызы кеш иесіне демеушілік жасағандардың қатарынан көрінді.

Концерт соңында кеш иесі келген көрермендер мен кештің өтуіне қолдау көрсеткен ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаеваға және Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына, өзге де азаматтарға ақжарма алғыс айтты.

Қазақ руханиятына толымды үлес қосқан ерекше дарын иесі — Елена Әбдіхалықованың шығармашыл әлеуеті шарықтап, ғұмыр жасы ұзақ болсын деп тілейміз.

фото: jurtmedia.kz

Дастан ҚАСТАЙ
ELORDA MEDIA