«МӘМС жүйесінің оңтайлы жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бей-жай қарамауымыз қажет» — депутат Жарқынбек Амантайұлы
30.04.2025

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік медиа алаңында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне қатысты ой айтып, жобаға деген халық сенімін нығайтуға назар салуды ұсынды.
Депутат өз жазбасында МӘМС-ті сенімді етудің мән-маңызына тоқталып, проблемаға қатысты заң жобасын тереңнен талдады:
— Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Бұған дейін Парламентте МӘМС жүйесіне байланысты қызу талқылаулар өтіп, Үкіметке депутаттық сауалдар жолдаған еді. Өйткені, халық арасында медициналық қызмет саласына көңілі толмайтындар көп. Бұл заң жобасы Президент Жолдауында көзделген міндеттерді іске асыру мақсатында әзірленгенін жақсы білеміз. Мақсат – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру және медициналық қызметтерге азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету. Талқылау барысында медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін нақтылау және олардың негізінде бірыңғай пакет қалыптастыру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігіне қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын аурулардың тізбесін анықтау бойынша өкілеттікті беру ұсынылды, — деп жазды депутат.
Мұнымен қоса алғанда, Жарқынбек Амантайұлы жаң жобасының тартысты тұстарына тоқталып, сапалы медициналық қызметке қол жеткізудің заңдық құжаты саналатын заң жобасын егжей-тегжейлі талқылауды ұсынды:
— Үкіметтің бастамасымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша бірқатар қызметті МӘМС пакетіне ауыстыру ұсынылғанымен, әріптестерім бұл ұсынысты қолдамады. Депутаттар әлеуметтік маңызы бар аурулардың (атап айтқанда, туберкулез, АИТВ, онкологиялық аурулар және басқалары) алдын алу, диагностикалау және емдеу бойынша қызметтерді медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында сақтаудың қажеттілігін баса айтылды. Қызу талқылау нәтижесінде депутаттардың ұсыныстары ескеріліп, заң жобасын екінші оқылымға дайындау туралы шешім қабылданды. Аталған заң жобасы МӘМС жүйесінің оңтайлы жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және ел азаматтарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды құжат болып табылады. Сондықтан бұл құжатқа біз бей-жай қарамай, құжатты сенімді етуіміз тиіс, — деп мәлімдеді Жарқынбек Амантайұлы.