Болат Өтемұратов қорының қолдауымен салынған көпфункциялы комьюнити-орталық ел игілігіне айналды

Болат Өтемұратов қорының қолдауымен ашылған Қосшы қаласында көпфункциялы комьюнити-орталық Ұлттық кітап күнінде ерекше жанданды. Орталық ашылғалы білім алу мен ілім жиюдың алтын арнасына айналған.
Орталықтың жалпы ауданы – 8,5 мың шаршы метр. Мұнда спортпен шұғылданып, білім алып және бос уақыт өткізуге арналған алаңдар бар.
БАҚ хабарлауынша,көпфункциялы комьюнити-орталықта қонақтарға арналған 233 орындық кинотеатр, 300 адамға арналған дәрісхана, көрме және конференция залдары, студиялар, коворкинг және оқу залы бар кітапхана қызмет етеді. Балалар үшін роботтехника мен шахматтан бастап, хореография, қолданбалы өнерге дейінгі түрлі үйірме жұмыс істейді.
Қосшы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Сымбат Бауыржанқызының айтуынша, жыл сайын кітап қорын толықтыру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде бүгінде кітап қоры 20 мыңға жеткен.
«Күнделікті оқырманның сұранысындағы кітаптар арнайы журналға тіркеліп отырады. Ол тізімді кітапханашылар жинақтап, әрі қарай кітап дүкендерімен, баспалармен байланыс орнатады. Қажетті тізімді бекітіп, оны сатып алған соң, жұмыстың ұқыптылық пен мұқияттылықты қажет ететін бөлігі басталады. Әрбір келген кітапты нөмірлеп, кітапхана мөрі басылып, журналға тіркеледі. Кітапхана ісін автоматтандыру жүйесінде электронды каталогке енгізіледі. Мұның барлығы – әр кітапты өңдеуден өткізу кезеңі. Өңдеуден өткен кітаптар кітапхананың қызмет көрсету бөліміне тапсырылады», — дейді Сымбат Бауыржанқызы.
Кітапханада рухани-мәдени іс-шаралар жиі өтеді. Мәселен, Ғылым күнінде Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы желісінен ашық дәріс, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай Жарылқап Бейсенбайұлы мен Серік Негимовтің қатысуымен «Шоқан Уәлиханов мұрасы» тақырыбында ғылыми конференция өткен. Сонымен қатар, кітапхана қабырғасында «Жаназық» оқырман клубы құрылып, сенбі сайын түрлі шығарма талқылауды қолға алған.
Мұндай орталықтардың қоғамдық саналы ілгерлетіп, рухани өрістеудегі мән-маңызы жайлы Қор директоры Айнұр Кәрібозова да өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді:
Бүгінде Қазақстанда шетелде оқып келгеніңмен ешкімді таңқалдырмайсың. Бірақ сол шетелде жүргенде көбімізді таңқалдырған нәрсенің бірі комьюнити орталықтар еді. Әдетте қаланың әр ауданында метро станциясының жанында орналасатын, көп жағдайда ескі шіркеулердің ғимаратының іші кітапхана, білім мен өнер ошағына айналып, сол ауданның кәрісі де, жасы да, декреттегі аналар кішкентай балаларымен әр түрлі оқу курстарына келіп, өз уақытын тиімді пайдаланып жатқанып көріп, бізде де осындай орталықтар болса ғой деп армандайтынбыз. Міне, сондай орталықтар елімізде пайда бола бастады. Жуырда Болат Өтемұратов Қоры бас қаламыздың жанынан орын тепкен Қосшының тұрғындарына керемет заманауи комьюнити орталығын сыйлады. Жақында астаналық бір әріптесім Айғаным Астанада жаңа тренд пайда болуда — қала жастары Қосшы комьюнити орталығына барып, өз кездесулерін, жұмыстарын істеуді дәстүрге айналдыруда деп тағы бір таңқалдырды — деп жазды Айнұр Кәрібозова.
Фото: egemen.kz