Қазақстан Жазушылар Одағының дәстүрлі жыл қорытынды негізінде бір топ қаламгерлер Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды. Құрметке бөленген қаламгерлер қатарында белгілі ақын Қалқаман Сарин бар. 

Белгілі ақынға «Жарығы сөнбес жалғыз жол» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.

Қалқаман Айымғазыұлы Сарин – 1978 жылдың 2 қаңтарында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Арқат ауылында дүниеге келген. 1994 жылы орта мектепті, 1998 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетін бітірген.

2001 – 2003 жылдары аспирантураны тәмәмдаған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, 1998 жылдан 2008 жылға дейін Қазақ Ұлттық Музыка академиясында оқытушылық қызмет атқарған. Бірнеше Халықаралық, республикалық жыр-мүшәйраларының жүлдегері.

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы. ҚР Үкіметінің «ДАРЫН» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. ҚР Жазушылар одағының мүшесі. «Арманымның бейнесі» атты жыр жинағының авторы. «Жібек сезім – Жүрек сөзім» деп аталатын өлеңдеріне жазылған әндер мен өлеңдерінің авторлық үнтаспасын шығарған. Ел ішіне кеңінен танылған «Қызыма», «Күзгі бақ», «Жібек сезім», т.б. ән мәтіндерін жазған.

Журналистика саласында да жемісті еңбек еткен.  «Қазақстан» Ұлттық арнасы «Ой-толғау» танымдық бағдарламасын, Астана арнасындағы «Кеш емес» ток-шоуында жүргізген. Сонымен қатар Қазақ радиосында «Қауырсын ғалам» бағдарламасының жүргізген, «Шалқар» ұлттық радиосының директоры болып қызмет атқарған.

Ақын 2019-2023 жылдар аралығында Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы болды. Қазір мемлекеттік қызметте.